Басты жаңалықтар
Данияр Елеусінов Головкин екеуінің арасындағы түсініспеушілікке нүкте қойды
- автор kyn.kz
- 2 маусым, 2019
- 252
Елеусінов: Көпшілік бізді бір елден шыққаннан кейін дос ретінде, әріптес ретінде жақсы қарым-қатынаста деп ойлайды
Данияр Елеусінов Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген спорттағы ағасы Геннадий Головкинды қалай және не себепті ренжітіп алғанын түсіндіріп берді, деп жазды KYN.KZ. "Елеусінов Головкинге қыр көрсетті, оны бәсекелес ретінде қабылдайды әрі өзін одан мықты көреді" деген пікірге спортшының өзі жауап берді.
"Мен негізі бұл жөнінде айтабергенді ұнатпаймын. Ешжерде тоқталып айтпаппын. Негізі Головкин жайлы шетелдік журналистер көп сұрайды.
Сұрап тұрғаннан кейін нақты жауап беруге тырысасың. Сондай сұхбаттардың бірінде ойымды дұрыс жеткізе алмаған сияқтымын. Содан журналистер менің пікіріме орай Генадан жауап алған. Түсінбестік осы кезде пайда болды деп айта аламын.
Мен бар болғаны менің пікірімді маңызды көрген журналистерге жауап бергенмін. Ешқандай да Генаға қатысты жаман ойым мен пиілім жоқ. Бар айтқаным "Оның стилі басқа, оның тактикасы бөлек, бағыты басқа. Мүмкіндігінше өзім сол деңгейге ертерек жетсем. Мейілінше асып түсуге тырысамын" дедім. Онда тұрған не бар? Ол бар болғаны арманым, ниетім.
Армандауға болатын шығар. Осы дау үдерген кезде Геннадий Головкиннің ағасына түсіндіріп хат жаздым. Ол кісі де түсінгендей болды. Біз тіпті телефонмен тікелей сөйлесе алмаймыз. Ол жұлдыз, араға кісілер салып сөйлесеміз қажет болса.
Сондықтан мен оны түсіруге тырысты деген жала. Бар болғаны оны өзімнен жоғары көретінімді, мүмкіндігімше одан асып түсуге тырысатынымды айтқан едім. Енді ол үлкен әңгімеге ұласып кетті. Ол кісінің сұхбаттарынан да маған ренжігендей пікірлерін байқадым. Сондай бір түсініспеушілік болып қалды",- деді спортшы.