Басты жаңалықтар
Балғынбек Имашев: Білмейсіздер...Қосановтың өзі мен отбасына үлкен қауіп төнген шығар...
- автор kyn.kz
- 11 маусым, 2019
- 1.3k
Ақын халықтан жатып жабылып Әміржан Қосановты даттамауды сұрады
танымал ақын Балғынбек Имашев өзінің Тоқаевқа дауыс бергенін, елді сол кісінің басқарғанын қалайтынын ашық айтты. Әрі өмірден мысал келтіріп "Қосанов қазіргінің батыры шығар" деген ой тастады, деп жазды KYN.KZ.
"Баяғыда бір патшаның адал уәзірі болыпты. Ол уәзірдің жақын досы бір қылмыс жасап қойып, патша оны өлім жазасына кесіпті. Уәзір болса патшаға жалынып, досына араша түсіпті.
Сонша жылғы адал қызметі үшін патша уәзірдің өтінішін қабыл етіп, "Өлім жазасын дүре соғуға алмастырам, бірақ, дүрені досыңа өзің соғасың", - деп шарт қойыпты. Уәзір ауыр шартқа амалсыз көнген екен. Жаза үлкен алаңқайда, бүкіл елдің, айыпкердің бала-шағасының көз алдында орындалыпты.
Дүре соққан сайын бүкіл ел, досының әйелі мен бала-шағасы уәзірді қарғап-сілеген екен. Ол өз басын, қанша жылғы қызметін араға салып, досын өлімнен арашалап қалғанын басқалар қайдан білсін?
Кеше ғана "Менің президентім - Қосанов" дегендер, бүгін оны қарғап-сілеуде. Неге? Біз анық-қанығын білмейміз ғой. Мүмкін, оның жеке басына, отбасына қауіп төнген болар? Мүмкін, көшеге елді ертіп шығып, жазықсыз жандардың қанын төккісі келмеген шығар?
Ол қорқақ емес, президенттің тағынан елді қырғыннан сақтау үшін бас тартқан нағыз батыр шығар? Мен Тоқаевқа дауыс бердім, бірақ, Қосановты даттамадым. Оған дауыс берген елдің таңдауын сыйлаймын. Кім жеңіске жетсе де елге хайырлы басшы болсын деп дұға жасадым.
Адамнан құбыжық жасап, жауласудың қажеті қанша?
Басшы біреу, қалғаны тіреу болмаса елдігіміз қала ма? Тоқаевқа мүмкіндік беріп көрместен оны мойындамау жаулық қой. Астананың атын елмен ақылдаспай өзгертті дейді. Мүмкін басқа жасайтын реформалары халыққа пайдалы болар? Ақмоланы Целиноград қылып өзгерткенде кім халықпен ақылдасыпты?
Целиноградты қайтадан Ақмола қыларда ақыл сұраса, жергілікті қай орыс қолдар еді? Ақмоланы Астана деп өзгерткенде де бүкіл қазақ наразы болған. Ең бастысы жаңа президенттен саяси реформалар күтеміз. Елмен етене, жұртпен жақын болар деп сенім артамыз. Алла Алашыма жар бола көр!",- деп жазды ақын желідегі парақшасына.
Көпшілік осы жазбаның астына түрлі пікір қалдырған. Бірі ақында бүгінгі билікке сатылған сатқын десе, екінші топ елді тыныштыққа шақырғанына алғысын айтып жатты.