Басты жаңалықтар
Бас прокуратура митингке шыққандар қалай жазаланатынын айтты
- автор kyn.kz
- 13 маусым, 2019
- 268
Бүгінге дейін рұқсат етілмеген акцияларға қатысқаны үшін 957 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Бас прокуратура заңсыз митингілер кезінде ұсталғандарға қатысты қандай жаза қолданылғанын жариялады.
Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, осы уақытқа дейін заңсыз акцияларға қатысқаны үшін соттар 957 адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану шешімін шығарған.
"Олардың ішінде 670 адам қамауға алынды. 115 адамға айыппұл салынды. Ал 172-сіне ескерту жасалды", - деді Нұрпейісов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір азаматтар өз кінәсін мойындаған. Олардың отбасы жағдайы да ескерілді. Осыған байланысты прокурорлар 311 адамға қатысты апелляциялық өтінішті қанағаттандырды. Соттар да бұл бастаманы қолдады.
"Бүгін қамау мерзімінің аяқталуына байланысты тағы 63 адам босатылады. Әлі 180 адам қалып отыр. Оларды қамауда ұстау уақыты - 6-15 тәулік. Нұр-Сұлтанда 80 адам, ал Алматыда 100 адам”, - деп атап көрсетті Нұрпейісов.
Айта кетсек, 9-10 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз митингілер өтті. Екі күннің ішінде ішкі істер органдары барлығы 700-ге жуық адамды ұстады. Наразылық акциялары кезінде үш полицей зардап шеккен. 12 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босатуды тапсырды. Келесі мақала