Басты жаңалықтар
Мұхамеджан Тазабек: Бірден айтайын шеруге шығуға қарсымын
- автор kyn.kz
- 12 маусым, 2019
- 459
Ақын Ринат жайлы пікіріне байланысты өзін қарғап, балағаттағандарға жауап берді
Танымал ақын Мұхамеджан Тазабек Қазақстандағы саяси жағдай мен әріптесі Ринат Заитов жайлы пікірін білдіремін деп басы дауға қалды. Халық оны белгілі партия сатып алып, өз пиғылын ақын арқылы жүргізіп жатыр деген еді.
Мұхамеджан Тазабек өзін балағаттап, қарғағандердан еш қорықпағанын айтады, деп жазды KYN.KZ.
"Бірден айтайын, қарсымын. Қорыққандықтан емес, қор болғым келмегендіктен. Себебі, тариx, тәжірибе соны көрсетіп тұр. Қорықсам, сіздердің кейбіріңіздің коментке жазған қарғап - сілегендеріңіз бен боқтықтарыңыздан қорқар едім. Жүрегім қыбыр етпеді. Себебі, "жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады.
Мен пікірімді биліктің нұсқауымен емес 100% өз ойым, жүрек қалауым, орныққан сеніміммен жазып отырмын. Керісінше, қарғысы өзіне қайтып жатқандарды аяймын. Алла таупиқ берсін! Әлемде дәстүрлі дамудың жолына түскен, жүйесі жүгендей өрілген, сырттан ешкім басынып, басын тықпайтын елдер бар.
Бар шаруаны басынан бастайтын, мемлекеттің іргесін қалайтын үлкен тұлғаны қажет етпейтін ондай мемлекеттерге кез-келген майталман менеджерді президент қойса басқарып кете береді. Себебі, биліктің де, басқару жүйесінің де барлық тетігі орнында тұр. 4-5 жыл отыр да басқа біреуге беріп, өзге салаға кете бер.
Сондай мығым жүйесі, саяси сауаты мен талап ету мәдениеті жымдасқан елдерде алаңдағы "бейбіт шеру" қоғамды қозғаушы себеп, мәселені шешетін бір тетік болуы әбден мүмкін.
Ал, біз секілді арыз жазу мен өтініш айтуды әлі ажырата алмай жүрген, түсінікте өмір сүру мен кісілікте ғұмыр кешуді шатастырып ала беретін, сыртқа шықса іші пысып, үйге кірсе тек әңгіме айтқысы келетін, тойдағы төбелесін немерелеріне дейін мақтанышпен айтатын, атқа мінсе атасын танымай кететін қызуқанды, қызыл сөзді батыр xалыққа алаңға топтасу, жер теуіп, наразылық білдіру абырой әкелетін шаруа емес.
Арты жақсы болмайды. "Арты жақсы болмайтынын билік неге ойламайды, олар неге қорықпайды" дерсіз...
Билік деген - күш. Бір қолында тәртіп, бір қолында мейірім бар. Айбыны болмаса, бізді басқара алмайды. Мейірімі болмаса, ел жайбарақат өмір сүре алмайды. Кей ұлықтың ниеті бұзылса, қорқытпақ түгілі өзін төрден таппай қаласың.
Аяғың да амалың да жетпейтін жерге қарасын батырады. Айғай-шу, шашылған шаңырақта тағы да сен қаласың. Елде төңкеріс болмай, береке қашпағаны әуелі бізге керек, қарапайым елге керек. Қаны басқа да, қамы басқа да, қасыңда қалмайды. Көзі бозарып, көште қалатын, қирағанды түзетіп, қалған қоқысқа қанағат дейтін де сіз бен біз.", -деп жазды Мұхамеджан Тазабек.