Басты жаңалықтар
Семейде өзіне қол жұмсамақ болған адамдарды құтқарған полицейлер марапатталды
- автор kyn.kz
- 14 маусым, 2019
- 246
Полицейлерді бірі терезеден секірмекші болған ер адамды ұстап қалса, екіншісі суға батып өлмекші болған кісіні аман алып қалған.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері өңірдегі көптеген тұрғынды суицидтен аман сақтап қалған. Олардың арасында Сағыныш Сәбиқанов, Қанат Дәуітханов, Аслан Бегәділов және Тимур Жұманбековтердің ерлігін ерекше атап көрсетуге болады. Кеше Семейде ерлік танытқан полицейлердің екеуі марапатталды.
Наурыз айының басында өскемендік полицейлер Сағыныш Сәбиқанов пен Қанат Дәуітханов биік үйдің терезесінен секірмек болған 24 жастағы жігіттің өміріне араша түсті. «Полицейлер бір минутты да босқа жібермей, қажетті пәтерді жылдам тапты.
Олар 8-қабаттағы пәтерге көтеріліп, терезенің сыртқы жағында тұрған жігітті көреді. Ол бастапқыда полицейлердің айтқанын тыңдамай, төмен секіремін деп сес көрсете береді. Бірақ тергеуші Сағыныш Сәбиқанов онымен тілдесудің үдесінен шығып, терезеден секірмеуге көндірді», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Бұдан бөлек, кеше полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев сең жүрген Ертіске батып бара жатқан әйелді құтқарған екі полицейді таныстырды. Оқыс оқиға 27 сәуір күні күндізгі екілер шамасында болған.
Жаңбыр құйып тұрған сол күні өзеннің ағысы да қатты болды. ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әйел өз өмірін қию мақсатында өзенге күмп берген. Ағысы қатты су әйелді бірден ағызып кете барған.
Радио стансасынан дабылды естіген полиция кіші лейтенанты Аслан Бегәділов пен полиция сержанты Тимур Жұманбеков оқиға орнына шұғыл жеткен. Полицей Аслан Бегәділов беліне арқан байлап, өзенге секіреді. Күшке толып тұрған 23 жастағы жігіт арындап аққан өзен толқындарына ырық бермей, әйелді жағаға жеткізді.
Сол сәтте жағада тұрған көмекшілер оларды судан шығарып алды. Осылайша, полицейлер әйелдің өмірін сақтап қалды. Осы оқиғадан кейін ШҚО полиция департаментінің басшылығы ҚР Ішкі істер министрлігіне жұмысына адал қызметкерлерді марапаттауға ұсына өтінім жіберді.
Ержүрек полицейлер «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев Семей қалалық басқармасының ерлік танытқан қызметкерлерін марапаттап, олардың қызметіне адалдығын ерекше атап көрсетті.