Елуден астам тұрғын ауруханаға түсті
Төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адамды эвакуациялау жұмысы жүріп жатыр. Тоқтаусыз жарылыс пен дүмпуден дүрліккен ел құжаттары мен қажетті заттарынсыз далаға босқан. Кейбірі бала-шағасын таппай жылап жүр.
Арыстағы алғашқы жарылыс таңғы сағат 9-дан өте болған. Қала іргесіндегі жарылғыш заттарды сақтайтын қоймадан шыққан дүмпудің соңғы тоқтаусыз жарылыстар елдің есін алды. Жан-жаққа шашылған жарықшақтардан бас сауғалаған жұрт қаладан үдере қашты.
"Үйге кірсем балаларым ұйықтап жатыр еді. Балаларым келіндерім мен немерелерімді сүйреп әкімдікке қарай қаштық. Артымыздан атылып ұшып жатты снарядтар. Мына қырмен жаяу қашып келдік. Енді Шымкентке кетеміз қазір, туысқандарды шақырып қойдық", -деді Арыс қаласының тұрғыны Гүлнәр Әбу.
Шошынған жұрт тіпті қажетті құжаттары мен ақша да алып үлгермеген. Бас сауғалап жүріп көпшілігі балаларымызды да таппай қалдық деп жылап жүр. Үрейден босқан ел айдалаға шығып кетіп, сай салада көмек күтті. Күннің қатты ысуы да жұртқа қосымша қиындықтар туғызған.
Бас сауғалаған жұрт қала сыртындағы мынадай төбе-төмпешіктерді паналауға мәжбүр. Бірақ, көмек әлі келіп жатқан жоқ. Ас-ауқат түгілі су алып шықпаған олар жол-жөнекей шалшық сулар мен өзен көлдердегі суды пайдалануға мәжбүр.
Арысқа кіретін жолдардың барлығын әскерилер мен полицейлер жауып тастаған, дамылсыз дүмпу болып жатқан қалаға жолатпайды. Бала-шағасын іздегендермен бірге жолсызбен қалаға біз де кірдік. Арыстың ішіндегі жағдай жан шошытарлық. Иесіз қалған баспаналардың барлығы дерлік ашық-шашық жатыр. Терезелер шытынап, снарядтар түскен жолдар шұрқ тесік. - Ал мынау Арыс қаласының ішкі көшесі.
Қираған көліктер, тіпті жарылған снарядтар да жатыр. Көшеде адам жоқ. Тек, полицейлер мен құтқарушылар ғана оқтын-тектін жүріп жатыр. Қазір құтқарушылардың бірі өтіп жатыр біздің көзімізше. Бас сауғалап қашып жатқан жұртқа жергілікті билік арнайы қауіпсіз аймақтардан арнайы лагерьлер ұйымдастырды.
Түркістан облысына қарасты әр аудан әкімі ас-сумен қамтылған орындарда адамдарды қабылдауы тиіс. Қазіргі таңда маңайдағы қала, елдімекендерде арнайы пункттер ашылған. Арыстағы апатқа қатысты бүкіл облыс бойынша төтенше жағдай жарияланып, облыс орталығы мен Шымкент қалаларында шұғыл байланыс желісі іске қосылды.
"Адамдарды қаладан алып шығамыз. Қаладан шығатын 3 жер анықталды. Сол жерге халық өз көлігімен келе ме, жаяу жете ме, 5-10 шақырым ауылдан ұзап кетуі тиіс. Ұзын саны 45 мың адам қаладан шығады. 10-15 шақырымдағы ауыл тұрғындары да тегіс қаладан кетуі тиіс",- деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев.
Ауруханаларға түсіп жатқандар туралы ақпарат сәт сайын өзгеруде. Соңғы ақпарат бойынша түрлі жарақат алғандар саны 50-ге жетті. Ал, күнгейдің бүкіл құтқарушылары мен күштік құрылымдары оқиға орнында жұмыс істеуде.