Басты жаңалықтар
Арыстың әрбір тұрғынына 100 мыңнан берілетін болды
- автор kyn.kz
- 29 маусым, 2019
- 290
Асқар Мамин бүгін Арыс қаласын аралап, қирандылардың барлығын өзі аралап шықты
Премьер-министр Асқар Мамин бүгін Арыс қаласына барып, қираған жерлердің барлығын аралап шықты. Ол қарапайым халықпен кездесіп, қал-жағдайларын көріп қайтты, деп жазды KYN.KZ.
Жиын қорытындысы бойынша үкімет басшысы қаланы қалпына келтіру мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің 10 кешенді шарасын атап өтті. Оған сәйкес әрбір арыстыққа 100 мың теңгеден берілетін болады.
"Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін үкіметтің қолға алған шарасы", - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Арыс қаласының ақсақалдарымен кездесті. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен еріктілерге алғыс айтты. Сондай-ақ, Мамин аурухана, мектеп пен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды жедел қалпына келтіруді тапсырды.
24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі үшіп, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.