Басты жаңалықтар
Алматыдағы шулы тиінді жөндеуге тағы 10 миллион қажет болып жатыр
- автор kyn.kz
- 10 шілде, 2019
- 190
Тиін жасалған сабаннан сол маңайдың барлығы ластанып, тұрғындарды ғана емес аула сыпырушылардың да мазасын қашырған
Сабанның орнын пластик басады. Алматының былтырдан бас атрибутына айналған тиін түрленетін болды. 23 миллион теңге жұмсалған мүсінді енді қайта қалпына келтіруге тағы 10 миллион теңге қажет. Жоба авторлары тұрғындардан көмек бола ма деп қол жайып қарап отыр. Қазір керек соманың тек екі пайызы ғана жиналған, деп жазды KYN.KZ KTK арнасына сілтеме жасай отырып.
Түгі түскен түлкідей түгі қалмаған тиіннің қазіргі күйі осы. Былтыр атқамінерлер ауыз толтыра мақтап, Алматының бас арт нысанына айналады деген мүсіннің жарамдылық мерзімі жылға ғана жетті.
Сабаннан соғылғандықтан, сарғайып, қурағандықтан енді оны пластикке алмастырмақ. Тиіннің түрленетініне қуанып жүргендердің бірі көше сыпырушы Сәулетхан Әбдібекова. Өйткені, жел соқса ұшатын, жан-жаққа шашылатын сабанды жинау оның күнделікті жұмысына салмақ түсіреді.
"Біздің жұмысымыз көбейеді ғой. Біздің міндетіміз сыпырып жинау. Дегенмен де сабан емес, басқа нәрседен жасаса", -дейді көше сыпырушы Сәулетхан Әбдібекова.
Басқа емес, сабанның орнына енді мүсінді пластикпен қаптайды. Осылайша бұл жай тиін емес эко-тиін болып шыға келеді. Қазір қажет бір тонна пластиктің тек 200 келісі мынадай жәшіктерге жиналыпты.
"Немерем жинайды. Өзіміз Атакентте тұрамыз. Немерем күнде болмай есік алдына шығып осында келеді",-дейді Алматы қаласының тұрғыны Ержанат Смақов.
Үңірейген көздері мен қолындағы жаңғағы қалып, қалғаны жалаңаштанған тиін қазір ұсқынсыз. Бұрынғыдай аялдап, суретке түсетін адамдар да жоқ.
Былтыр әкімдік қазына қаржысынан 15 млн бөліп, Ұлыбританиядан арнайы маман алдырып, бас аяғы 23 млн теңгеге бой көтерген тиінді бірі ақтаса, екіншілері даттап жатты. Тіптен, айыптың арқасында хайп жинағысы келген студенттер Алматы іргесіндегі Алмалыбақ ауылында оның сыңарын ешқандай шығынсыз-ақ жасап шықты.
Шаһардың экс-әкімі арт нысанға сынай қарағандардың көп екенін сезгеннен бе көп өтпей, мүсінге жұмсалған ақша қайтқанын айтып ақталды.
Миллиондар жұмсалған сабан мал жеуге де жарамсыз. Ұйымдастырушылар жағуға да, лақтыруға да қимайды. Бәлкім одан орындық жасаймыз ба деген ойларын айтып қалды. Сондықтан көше сыпырушы Сәулетхан апа шашылған сабаннан көзін ашпайтын сыңайлы.