Басты жаңалықтар
40 жастағы өзбекстандық альфонсқа алданған бес әйел далада қалғандарын айтып сотқа шағымданды
- автор kyn.kz
- 12 шілде, 2019
- 202
Келіншектердің бірі алаяққа сеніп бар ақшасын беріп, бірнеше банктен кредит алып берсе,өзгесі одан бала тапқан
Алматыда қыз-келіншектерді алдап соққан альфонс іздестіріліп жатыр Алматыда қыз-келіншектерді сан соқтырған 40 жастағы альфонс іздестіріліп жатыр. Алданғандардың арасында өзін Мұхтар Ерішев деп таныстыратын жігіттен балалы болғандар да бар.
Зардап шеккендер оның үстінен бірнеше мәрте шағым қалдырыпты. Алайда істің алға жылжитын түрі жоқ. Ал, альфонс жігіт болса талайды тақырға отырғызып тайраңдап жүр дейді алданған келіншектер.
Әлеуметтік желіде басталған таныстықтың соңы Әсел Сағатованы опық жегізді. Келіншекке сезімін білдіріп, сеніміне кірген Мұхтар Ерішев бизнесіне ақшалай көмек сұрап, кейін үй алып беруге уәде етеді.
Шымкенттегі 3 бөлмелі пәтерін сатып, ақшасын депозитке салған Әсел ғашығының сөзіне иланған. 10 млн теңгеден өзге 3 банктен несие алып береді. Сотқа жүгінген соң қарызды өтей бастаған.
"Кредиттті төлеп отырдым. 140 мың әр ай сайын. Менің айлығым өзі 150 мың болатын. Ешқашан жұмыс істемеген. Зейнетақы шотында бір тиын жоқ. Әйелдердің ақшасын алып, соларды алдайды. Бар білетіні сол",- дейді Әсел Сағатова Алматы қаласының тұрғыны.
Альфонс жігіттен зардап шеккен Анар, Альфия, Аида есімді бірнеше қыз Әселмен байланыста. Бірінің автокөлігін алдап айдаса, өзгесіне берешек. Арасында Мұхтар Ерішевтен балалы болғаны да бар. Онысы алимент үшін соттасып жүр. Сүйгеніне сенген Әсел Сағатованың көздегені әділдік. Адал еңбекпен тапқан ақшасын қайтарғысы келеді. Бірақ, тергеуші Сағындық Санжар істі сотқа жіберуге құлықсыз дейді.
"Істі сотқа жіберіп кейін ол кісіні ақтап шықса «біз жұмыстан кетеміз» дейді. Менің қолымда барлық дәлел бар. Прокуратураға 3-4 рет жаздым. 3-4 рет олар істі кейін қайтарды",- дейді Әсел Сағатова Алматы қаласының тұрғыны.
Осылайша 7 айдан бері іске прокуратура араласса да сотқа жетер емес. Қыз-келіншектерді сан соқтырған Мұхтар Ерішев Ташкенттің тумасы. Үш баласы мен әйелін тастап кеткен. Қазір азаматтық некеде. Ерішев қарызға ақша алғанын полицейлерге мойындаған.
"Алғашында қылмыстық кодекстің 190 бабы яғни алаяқтық бойынша іс қозғалған. Кейін бұл істен ешқандай қылмыс құрамы анықталған жоқ. Себебі тараптар ақшаны қарызға бергенде өзара келіскен. Бұл - прокуродың шешімі. Арыз берушіге бәрі түсіндірілді. Әсел Сағатова азаматтық сотқа жүгіне алады",- дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір Әсел туған інісінің үйін паналап жүр. Себебі, барар жері жоқ. 45 шаршы метрлік пәтерде 4 адам тұрады. 38 жастағы Әсел Сағатова ас бөлмеде 19 жастағы ұлымен бірге ұйықтауға мәжбүр. Ал, үш бірдей банктен алған қарызды толықтай өтеп, ипотекаға баспана рәсімдеу үшін кемі 2-3 жыл қажет.