Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Баланы дұрыс емізудің тəртібі

Баланы дұрыс емізудің тəртібі
ашық дереккөз
Нәрестені туған бойда анасының кеудесіне жатқызып, бір сағаттан кешіктірмей емізеді.
Бала емізу адамзаттың ежелгі заманнан бері ұстанып келе жатқан және денсаулыққа өте пайдалы дәстүрлерінің бірі. Қазақтың «Ана сүті – бал» дегеніндей, адам өмірінің алғашқы 6 айы ішінде ана сүтіне тең келер ешбір ас жоқ. KYN.KZ сайты бала емізудің дұрыс тəртібін назарларыңызға ұсынады. Туа салысымен нәрестені анасының кеудесіне жатқызып, емшек беру сүттің шығуына жақсы әсер етеді. Емшек емізу босанғаннан кейін көп мөлшерде қан жоғалту қаупін азайта отырып, жатырдың жиырылуына және бала плацентасының (жолдасының) түсуіне көмектеседі. Босанғаннан кейін ананың емшегінде пайда болатын сарғыш түсті уыз сүт нәрестенің айрықша қажеттіліктеріне сәйкес келеді, құрамы ерекше, бірегей. Оның құрамында негізінен антиденелерде болатын белок көп, ол нәрестені инфекциялардан қорғауға көмектеседі. Аналарға кейде сәбиге уыз сүтін емізбеу туралы кеңес береді. Бірақ бұл – қате берілетін кеңес. Нәрестелер үшін уыз сүт – теңгерімді тамақтану мен «алғашқы иммундаудың» алтын стандарты. Ана сүті көп мөлшерде құйылып келіп жатқанда, балаға басқа ешқандай тамақ немесе ішетін сұйықтық берудің қажеті жоқ. Балаға қосымша тамақ беру емшек сүтінің шығуын баяулатып, диарея немесе басқа инфекциялардың пайда болу қаупін арттырады. Сәбиді емшек сұраған кезде күндіз де, түнде де жиі әрі ұзақ емізу қажет, бұлай емізу оның емшек сүтін қанша рет сұраса, сонша рет емізу арқылы қажеттілігін қанағаттандырады. Ана сүті салмағы жетіспей туған сәби үшін де ең нәрлі тамақ болып табылады. Алайда нәрестелердің барлығы бірдей өмірінің алғашқы күндері емшек еме алмайды. Олар үшін тамақтандырудың басқа жолдарын қолдануға болады (артықшылық беруге байланысты): сауылған ана сүті, донор сүті (егер донор АИТВ-ға тексерілген және сүт термиялық тұрғыдан дұрыс өңделген болса ғана), сүт қоспасы. Сүтті және қоспаларды тостағанға құйып, қасықпен немесе медициналық мекемелерде медицина қызметкерлері қолданатын медициналық мензуркалармен беру керек. Донорлық емшек сүтін термиялық өңдеуден өткізу қажет. Мөлшері бір рет беруге жарайтын тостағанға құйылған сауылған емшек сүтін су құйылған кәстрөлге салып, су қайнағанша қыздырады, одан соң сүтті суытып, баланы тостағаннан тамақтандырады. Білікті медицина қызметкері емшек сүтін сүзу және жылыту арқылы өңдеуден өткізу бойынша егжей-тегжейлі ұсынымдар бере алады. Босанғаннан кейін ана мен бала үшін жасалатын ең жақсы жағдай олардың бір палатада бірге болуы болып табылады. Перзентханада немесе ауруханада босанған жағдайда ана сәбиінің тәулік бойы өзінің қасында бірге болуын талап етуге құқылы. Ол сәбиін емізетін болса, ондай жағдайда балаға тамақ немесе су бермеуін табанды түрде талап етуге құқылы. Баланың кеудеде дұрыс жатуының белгілері: • голова баланың басы мен денесі бір сызықтың бойында жатуға; • анасының бауырына басылып жатуға; • бүкіл денесімен анасына қарап жатуға тиіс; • емшектің үрпісі баланың мұрнына қарама-қарсы жатады. Баланы кеудеге дұрыс басу белгілері: • аузы кең ашылып, еріндері сыртқа қарай түріліп тұруға; • тілі аузының төменгі бөлігінде тұруға; • баланың иегі мен мұрны анасының омырауына тиіп жатуға; • үрпінің айналасындағы дөңгелектің көп бөлігі баланың аузында болуға тиіс.              Сәби кеудеге дұрыс жатса, емізген кезде ауырсыну байқалмайды. Нәтижелі сору белгілері:                                                                                                            • бала емшекті бірқалыпты әрі баяу сорады; • баланың жұтып жатқан әрекетін көзбен көріп, естуге болады; • сорған кезде баланың беті томпаяды (тартылып тұрған жоқ); • бала тойған кезде емшекті аузынан шығарып тастайды. Баланы кеудеге дұрыс жатқызбаудың салдарлары: • емшектің ауыруы және үрпінің зақымдануы; • сүт толық сорылып бітпейді, емшек толып қалады;                                                              • сүттің шығуы азаяды; • бала тоймайды, мазасызданады, салмақ қоспайды.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар