Басты жаңалықтар
Қазақстанда 3-сынып оқушыларынан бастап жыныстық қатынас жайлы айту ұсынылды
- автор kyn.kz
- 3 наурыз, 2020
- 450
Себебі жыл санап елімізде жасанды түсік жасататын оқушылар көбейіп келеді
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын 1300-ге жуық жасөспірім жүктілігін тоқтатады. Түсік жасатудың артында оның салдары да болады
Қазақстанда жыл сайын кәмелет жасына толмаған мыңдаған жасөспірім жасанды түсік жасатады. Барлығы ауруханада жасалмайтыны да белгілі. Бұл жайында денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Жасөспірімдердің жасанды түсік жасату жайы дәрігерлерді алаңдатып отыр, сондықтан балаларға жыныстық қатынас жайлы төменгі сыныптан бастап ақпарат беру ұсынылды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын 1300-ге жуық жасөспірім жүктілігін тоқтатады. Түсік жасатудың артында оның салдары да болады. Ол жаста босану да қауіпті деп дабыл қағып жатыр дәрігерлер.
"Егер қыз 15 жасында жүкті болып қалса, егде жастағы әйелмен салыстырғанда ана өлімі 20 есеге жоғары болады", - деп түсіндірді акушер-гинеколог Галина Гребенникова.
Ата-анасына айтуға көбінің дәті бара бермейді. Мамандардың айтуынша, ересектердің өзі бұл тақырыпты айналып өтуге тырысады. Қолданыстағы заңға сәйкес жүкті жасөспірім анасы мен әкесінің қатысуынсыз медициналық көмек ала алмайды. Сол себепті медициналық мекемелерден тыс жерде жасалатын түсіктің саны артып келеді.
"Жасөспірімнің жасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым ол таңдауды саналы түрде жасай алады. Олар үнемі өз қалауы мен жетегін басқара алмайды. Бұл 16-18 жаста қалыптасады", - дейді ЮНИСЕФ-тің Орталық Азиядағы аймақтық кеңесшісі Руслан Малюта.
Бастапқыда денсаулық сақтау министрлігі 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында түсікті заңдастыру жайлы мәселені көтерген болатын. Министрлік кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің ата-ананың қатысуынсыз түсік жасатуын заңдастыру туралы ойды қолдады, алайда қоғам министрліктің бұл шешіміне қарсы болды. Қазір талқыланып жатқан Денсаулық кодексі кәмелетке толмағандарға есімін жасыра отырып медициналық кеңестер алуға мүмкіндік береді.
"Қол жеткізген келісім бойынша, балалар медициналық мекемелерге барып, мамандардан кеңес ала алады. Демек оларды медициналық тексеруден өткізіп, дәрі-дәрмектің қандай да бір түрін ұсына алады. Хирургиялық қызметтер мен жүктілікті тоқтату ата-ананың рұқсатымен немесе 18 жастан басталады", - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Дәрігерлердің айтуынша, ерте жүктілік адам денсаулығына ғана емес, көп жағдайда суицидке де алып келеді. Сондықтан мектептерде жыныстық тәрбие сабақтарын енгізу ұсынылды.
"8-сыныптың анатомия сабағында ғана емес, оны 3-4 сыныптан бастау керек. Және аса мұқияттылық қажет. Алайда бұл жабық тақырып болып қалмауы керек. "Жыныстық қатынас" – тамақ ішу, ұйықтау, өмір сүру секілді әрекет. Осыны түсіндіру керек", - деді қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.