Басты жаңалықтар
Тоқаев: Назарбаев 2020 жылғы президент сайлауына қатысатынына сенбеймін
- автор kyn.kz
- 21 маусым, 2018
- 457
Сенат спикері өз пікірін ашық айтты
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтуі тиіс кезекті президент сайлауына түспейді деп есептейді. Бұл туралы KYN.KZ РИА Новости –ға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Би-би-сидегі Hardtalk бағдарламасына берген сұхбатында "Ашығын айтайын, мен президент Назарбаев 2020 жылғы президент сайлауына қатысатынына сенбеймін. Өйткені ол ақылды адам, өте парасатты. 2020 жылы бізде президент сайлауы Назарбаевтан басқа кандидаттармен өтеді деп ойлаймын", — деді Тоқаев.
Сонымен қатар сенат спикері бұл өзінің "жеке пікірі" екенін атап өтті.
"Әрине, сайлауға бара ма, жоқ па, бұл президент Назарбаевтың өзіне байланысты нәрсе. Алайда ол сайлауға түсетініне сенбейтінімді ашық айтуға тиіспін", — деп мәлімдеді Тоқаев.
"Өзіңіз 2020 жылы президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба?" деген сұраққа Тоқаев: "Олай айтпас едім" деп жауап берді.
"Егер президент Назарбаев тіпті ел президенті болмаса да, ішкі және сыртқы саясатқа зор ықпал ететін болады", — деп түйіндеді сенат басшысы.