Басты жаңалықтар
САЛ АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН БҮЛДІРШІНДІ БАЛАБАҚШАДАН ҚУЫП ЖАТЫР
- автор kyn.kz
- 21 маусым, 2018
- 416
Олар тіпті баланың киімдерін далаға лақтырып жіберген
Сал ауруына шалдыққан бүлдіршінді балабақшадан қуып жатыр. Қарағандыдағы жекеменшік білім беру мекемесіне баласын берген ана директорға ашулы. 3 жастағы қызын кемсіткені былай тұрсын, киімдерін лақтырып қуды, дейді. Бұған қатысты балабақша басшысының өз уәжі бар. Бұл туралы KYN.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
3,5 жастағы Румейса сал дертіне шалдыққан. Сәл ақсап жүргені болмаса, дамуында ақау жоқ. Дәрігерлер де оның балабақшаға баруына рұқсат берген екен. Кезегі келіп, жекеменшік білім беру мекемесіне келген. Біраз уақыт өткен соң, директоры бала үшін қосымша 10-15 мың теңге төле депті. Үнемі жылай беретін бүлдіршін тәрбиешінің мазасын алып, өзге балаларға кедергі келтіреді деген көрінеді.
«Мен директордың нені меңзеп тұрғанын түсіндім. Қосымша 5 теңгедей беретін шығармын деп ойладым, бірақ ол айтқан соманы қалтам көтермейді. Іле-шала тәрбиешіге бардым. Ол менің баламмен еш қиындық жоқ, қосымша ақы керек емес деп жауап берді» - дейді Румейсаның анасы Лиана Султаева.
Баланың қуылуын ана дәл осы жайтпен байланыстырып отыр. Келіспегенім сол еді, баланың киімін лақтырып, есікті меңзеді, дейді. Оны айғақтар куәгерім бар деп отыр.
«Бір қарасам, балабақша директоры Румейсаның киімдерін шығарып, кішкентай орындықтың үстіне қойып, шығарып жатыр. Киімдеріңізді алып, кетіңіздер,- деді. Түсінбей қалдық. Кейін екеуі ұрсысып, ауру балаңыз бола тұра бірдеңе талап етесіз деп дауыс көтерді. Меніңше, олай кемсітуге болмайды» - дейді куәгер Ақмарал Мұсаханова.
Балабақша әкімшілігі бұның бәрі жалған, қара күйе жағып жатыр деуде. Директор сөзіне сенсек, Румейсаның құжаттары толық емес. бірақ соған қарамастан қабылдап, құжаттарын реттеуге уақыт бердік дейді. Ал ақшаны балаға арнайы қарайтын қосымша жұмысшы жалдауға қажет болған соң сұратыпты. Бірақ міндеттемедім деп отыр.
«Біз оны ештеңе деп айтып жатқан жоқпыз. ДЦП ма, басқа ма ештеңе айтып жатқан жоқпыз. Біз баланы қабылдаймыз дедік. Қандай болса да қабылдаймыз. Бірақ бізге тағы да көмекші аламыз дедік, балаға қарайтын. Ондай біздің біздің келісім-шартымызда қызмет көрсету бар» - дейді «Балатай» балабақшасының директоры Гүлдана Әбенова.
Директордың айтуынша, тәрбиеші өзге балаларға көңіл бөле алмаған соң, екі ата-ана бүлдіршіндерін алып кеткен. Екі арадағы дау білім бөліміне де жетіпті.
«Ата-ана 19 маусымда «Балатай» балабақшасына өтініш жазып, баласын басқа балабақшаға орналастырамын деп алып кеткен. Бүгінгі күні ол баланы басқа балабақшаға орналастыру жөнінде жолдама алуға қарастырылып жатыр» - дейді Қарағанды қалалық білім бөлімінің маманы Әлия Биева.
Кішкентай Румейса дау туған балабақша тізімінен әлі шығарылмапты. Келем десе, есік ашық дейді басшысы. Алайда, көңілі қалған ананың ол мекеменің табалдырығын қайта аттауы екіталай.