Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

АСТАНА ТҰРҒЫНЫ: КОЛЛЕКТОРЛАР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ КӨРСЕТУДЕ

АСТАНА ТҰРҒЫНЫ: КОЛЛЕКТОРЛАР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ КӨРСЕТУДЕ
ашық дереккөз
Олар тұрғынды түн ішінде хабарласып қорқытқан
Коллекторлық компаниялардың жұмысын заң жүзінде қайта қарастырғанымен, олардың жұмыс істеу принципі өзгермеген. Бопсалау, психологиялық қысым көрсету әлі де кездеседі. Астана қаласының тұрғыны коллекторлардың мазалауынан шаршағанын айтты. Бұл туралы KYN.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Арманның коллекторлармен дауласып келе жатқанына 4 айдан асқан. Қазір компания өкілдері заңнан тыс әрекетке көшіпті. «Әртүрлі бағытта қорқытып, үй жаққа звондап, туыстарды мазалап осы мәселені айтып жатыр. Түннің қай уақыты болсын хабарласып, ескертіп, қорқытып деген секілді» - дейді зардап шегуші Арман. Коллекторлардың борышкерлермен сөйлесу талаптары заңнамада анық жазылған. Мамандар бұл жайлы көп азаматтар біле қоймайды дейді. Жұмыс күндері тек таңғы сағат сегіз бен кешкі тоғыз аралығында ғана хабарласуға болады. Аптасына тек 3 рет кездесу ұйымдастыруға құқылы. Ал демалыс және мереке күндері тіптен мазалауға болмайды. Бұдан бөлек, азаматтың қарызы компанияға өткен жағдайда арнайы хат жолдануы тиіс. «Егер қарыз алушының ісі коллекторлық компанияға берілсе, оған құжат түрінде хабарлама берілуі тиіс. Онда ол компанияның атауы, орналасқан жері, келісім шарттың талаптары, қарыздың сомасы сияқты барлық тиісті ақпараттар көрсетілуі қажет. Егер борышкер коллекторлармен сөйлесуден бас тартса олар ары қарай мазалауға құқығы жоқ. Яғни, азамат негізгі қарыз алған орынмен сөйлесуі керек. Бұл заңда солай жазылған» - дейді заңгерлік компанияның директоры Арыстан Абдрахманов. «Сіздер адамша сөзді түсінбейсіздер. Себебі, сіздер адам емессіздер. Ақылдарыңыз жоқ. Демалыңыз!». Дәл осындай қоңырау шалып, дауыс көтеріп сөйлесу я болмаса жеке басты кемсітетін сөздер үшін де коллекторлар жауапкершілікке тартылады. Заңгер Жандос Тұяқов осыны алға тартады. Тек оны дәлелдеу үшін нақты факт керек. «Сізге қысым көрсетіліп жатқан болса оны дәлелдеу көп жағдайда қиындыққа әкеп соғады, бірақ телефоныңызда жазу функциясы болса сіз оны жазып алуға құқығыңыз бар. Дегенмен біздің заңнамаға сәйкес мен сөйлесуді жазып жатырмын десеңіз ол ондай әңгімені доғарады» - дейді заңгер Жандос Тұяқов. Коллекторлық компаниялардың құқық бұзушылығы қаншалықты жиі тіркелетінін білмек болып Ішкі істер министрлігіне хат жолдадық. Онда нақты статитиска жүргізілмейді екен. Дегенмен, заңды белшесінен басқандар жауапкершілікке тартылады деп ескертті. Коллекторлық компанияларға қатысты құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте он айлық есептік көрсеткіштен бастапбірнеше тәулікке әкімшілік қамаққа алынса,  ҚР Қылмыстық кодексте 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынудан бастап, бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдерін қамтитын жазалар көзделген. Коллекторлардың қысым жасауынан құтылу үшін өзіңе қол жұмсап, өмірмен қош айтысу тығырықтан шығатын жол емес. Бастысы өз құқығыңызды білсеңіз болғаны. Тек сонда керісінше оларды жауапқа тартып, моральді шығын келтірген үшін өтемақы өндіре аласыз.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар