Қазақстан бойынша ҰБТ маусымның соңғы аптасында басталады
Әлем халқын әбігерге салған вирустың салдары барлық саланы әбігерге салғаны белгілі. Соның ішінде білім алу жүйесі түгелдей онлайн режимге өтіп, балабақшадан бастап студенттерге дейін пандемияның теріс әсерін көріп жатыр. Осы себепті биыл Қазақстан бойынша БҰТ уақыты маусым айының аяғында басталады.
Білім және ғылым министрі Асхан Аймағамбетовтың айтуынша осы аптаның соңына қарай түлектер тест тапсыруды дастайды, деп хабарлайды KYN.KZ сайты.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Осы жылғы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданған екен. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі бұрынғы форматта қалды. «Биыл маусым айындағы ҰБТ-ға қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды. Жалпы, олардың саны 131 755-ке жетіп, оның ішінде биылғы түлектерден келіп түскен өтініштердің саны 82 пайызды құрады.
Яғни, бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ өсті», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов. Биыл ҰБТ-ға төртінші тоқсан бағдарламасының сұрақтары енгізілген жоқ. Негізі, 11-сынып оқушылары төртінші тоқсанда өткен материалдарды қайталады. Яғни, бұдан бұрынғы тақырыптарды тағы бір шолып шықты.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға қатысты ата-аналардың өтініштері ескерілді. «Білім және ғылым министрлігіне ата-аналардың атынан тиісті өтініштер келіп түскен болатын. Соны зерттеу барысында бізге тапсырма берілген еді.
Осы орайда есептеуіш құралдарға (калькулятор) рұқсат беру мәселесін қарадық. Тест тапсырушылар өзімен бірге есептеуіш құралдарды әкеле алмайды. Бірақ, біз аудиторияларда әр орынға калькуляторды орналастырамыз», - деді Д. Смағұлов.
Сонымен қатар тестілеу уақыты да біршама ұзартылды. Ата-аналар мен түлектердің сұрауы бойынша тестілеу уақыты тағы 10 минутқа ұзартылды, ҰБТ – 4 сағат өтетін болды. Карантин шараларына байланысты тағы бір ескерер жайт, ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа адамдарға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады.
Ата-аналар ҰБТ өту барысын үйінде отырып, онлайн көре алады. Бұл үшін әрбір аудиториядан трансляция қамтамасыз етіледі. Тест тапсыру өтетін ғимарат аумағын құқық қорғау органдары күзетеді. Осы орайда таяуда онлайн көрсетілім сілтемелері мен ресурстар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әрі әлеуметтік желілерде жарияланады.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, ҰБТ-дан кейін білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде білім алу бағытында ұлттық жоғары оқу орындарына кемінде 65 балл, ал басқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарына кемінде 50 балл жинау керек.