Министр декретте отырғандарға қатысты мәселе бар болғанымен, әлеуметтік төлем төлеу кезінде олар назардан тыс қалмайтынын айтады
Декреттік демалыста отырған әйелдерге шілде айы үшін әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр әлеуметтік төлем төлеу кезінде декреттегі аналар назардан тыс қалмайтынын айтты.
Сондай-ақ, ол "декреттегілер" деген бөлек санат жоқ екендігін түсіндіріп, төлем жалдамалы жұмысшы мен жеке кәсіпкер немесе өзін өзі жұмыспен қамтығандарға, жалпы табысынан айырылғандарға төленетінін атап өтті.
"Сол себепті декретте отырғандарға қатысты белгілі бір мәселе бар, біз қазір оны ойластырып жатырмыз. Аталған жағдайда біз бұл санатты ескереміз. Бейсенбі күні олар үшін қандай тетік қолданылатынын хабарлаймыз", – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.
Айта кетсек, Қазақстанда қатаң карантин тағы екі аптаға, 2 тамызға дейін ұзартылды. Осыған байланысты кірісінен айырылған қазақстандықтарға шілде айына 42 500 теңге төленеді. Жәрдемақыға өтініш беруге арналған порталдар 17 шілде, жұмада іске қосылады.