Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ поэзиясының құлагері. Журналист.
Ілияс Жансүгіровтың терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Әр шығармасына жан бітіретін, тума талант иесі, қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтың өмірімен шығармашылғы туралы тың деректерді kyn.kz сайтынан оқи аласыз.
Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында ( қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкірегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді.
Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған.
Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Карағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді.
Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.
1921 жылдың жазында қолына "институт мұғалімі" деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан "Кедей еркі" газетіне бір-екі өлеңі басылған.
Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы "Тілші" газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген "Жетісу әйелі", "Жас қазақ", "Сана", "Шаншар" газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. Алайда олардың бірі басылса, енді бірі басылған жоқ.
1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі.
Қолынан қаламын бір сәт тастамаған Ілияс қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Ілиястың ақындық қуатын байқаған қатарласы Бейімбет Майлин өлең жазуды біржола қойып, қара сөзге бет бұрыпты деседі.
Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады:
"Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым".
Абайдың алғаш баспа бетін көрген кітабын қолға түсіріп, күндіз-түні қолынан тастамаған.
Жыр дүлдүлі Жансүгіров өз дәуірінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш зиялыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды.
Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектенді. Шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір шындығы, тарихи оқиғалар арқау болған.
Жансүгіровтің баспа бетін көрген алғашқы туындылары – "Сарыарқаға", "Тілек" атты өлеңдері. 1917 жылы Семейде шығып тұрған "Сарыарқа" газетінде басылған. 1923 жылы "Сана" журналында "Мерген Бөкен" әңгімесі жарияланды. 1928 жылы "Сағанақ" атты алғашқы кітабы жарық көрді.
Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, "Жетісу суреттері" "Күй", "Күйші" сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал "Құлагер" поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар.
Жансүгіров "Дала" поэмасында Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Шу мен Сыр секілді ұлан-ғайыр өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір-тұрмысын, дәстүр-өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал "Күйші" поэмасында еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өлім мен өмір, күйбең тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбы суреттеледі.
Қазақ поэзиясының інжу маржаны "Құлагер" – сюжетті поэма. Шығармаға Ақан сері мен оның тұлпары Құлагер арқау болған. Ақын оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып, оған мінездеме береді. Ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, серінің қайғы-шерге көмілуін суреттейді.
Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі – "Жолдастар" романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.
Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. Пушкиннің "Евгений Онегин" романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударған. Сондай-ақ, Лермонтовтың, Горькийдің, Некрасовтың, Маяковскийдің көптеген шығармасын қазақ тіліне тәржімалады.
1937 жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, тұтқындалды.
Алатау бөктеріндегі алқапта демалып жатқан Ілияс Жансүгіров бір күні НКВД-ның шақыру қағазын алады. Ақынның жары Фатима мұның бекер емес екенін сезеді. Ілиясқа Ыстықкөл асып қашуын өтінеді. Бірақ Ілияс НКВД-ның шақыруына бару керек деп шешкен. Сөйтіп Алматыға жол тартқан ол сол кеткеннен оралмады.
1938 жылы шабыты шарықтап тұрған ақын 44 жасында ату жазасына кесілді.
Жазықсыз жаламен атылған Ілияс Жансүгіровтің ақталғаны 1957 жылы 4 сәуірде жария болды.
Келесі мақала