Ақтауда әріптесін айуандықпен өлтірген теміржолшыға сот үкімі оқылды
- автор kyn.kz
- 30 желтоқсан, 2021
- 275
Ақтауда өз әріптесін жауыздықпен өлтірген теміржолшыға сот үкімі кесілді. Қанды қылмыс ақпан айында Бейнеу ауданында болған. Ревизор Айтбай Сақтағанов пен Ілияс Ұзақбаев 40 жастағы Ерлан Құрмановты аяусыз ұрып-соғып, көлігіне отырғызып айдалаға апарып тастаған, деп жазды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып.
"Сақтағанов ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағымен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 15 жыл бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесіндегі қауіпсіздік барынша ауыр мекемеде өтеу белгіленсін. Ұзақбаев Ілияс Сәрсенбаевич ҚР ҚК 293-бабы, 1-бөлімімен 1 жыл мерзімге бостандығынан айыру жазасы, 432-бабымен 4 жыл мерзімге бостандық айыру жазасы тағайындалсын",-деді судья Ғафур Шаров.
Ілияс Ұзақбаев рақымшылыққа ілігіп жазасы сәлде болса жеңілдеді. Тергеуде анықталғандай екі сотталушы мен марқұм бір жерде жұмыс істеген. Жанжал 16-ақпан күні күндіз жиналыс кезінде өзара келіспеушіліктен басталыпты. Олар Ерлан Құрмановты қонақ келді деп алдап үйіне шақырып алып, ұрып-соғып айдалаға көлігімен апарып тастаған. Бірақ марқұмның туыстары соттың бұл шешімімен келіспеді. Тіпті апелляцияға береміз деп отыр.
"Өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраймын. Себебі, осында айуандықпен, жауыздықпен, аяусыз ұрып-соғып, бауырымды соншама жанын қинап өлтірген адамдарға біздің осы бейбітшілік қоғамда жүруге орын жоқ деп ойлаймын. Қылмыскерлер әділ жазаларын алып темір тордың ар жағында өмір бойы өткізсін деп сұраймыз",-деді марқұмның туысы Алтыншаш Құрманова.