Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Несие қарызы толық кешірілу үшін не істеу керектігі айтылды

Несие қарызы толық кешірілу үшін не істеу керектігі айтылды
ашық дереккөз

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев 2021 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылатынын еске салды.

Бұл тәртіп елдегі несие беру құқығына ие банктер мен шағын қаржылық ұйымдарға қолданылады, деп жазды КҮN.KZ.

Заңнамалық талаптарға сәйкес төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде несие берген ұйым қарыз алушыға төлем мерзімінің өтіп кеткені туралы хабарлауға міндетті. Өз кезегінде қарыз алушы өзі төлемді кешіктірген уақыттан 30 күн ішінде қарызды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге тиіс.

Ешқандай жағдайда кредитордан жасырынуға болмайды. Мәселенің оң шешімін тез табу несие алған азаматқа ғана емес, қарыз берген ұйымға да тиімді. Сондықтан, реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылатын болады, — дейді Александр Терентьев.

Борышкер өз өтінішінде төлем мерзімін өткізіп алудың себебін көрсетіп, қарызды өтеу шарттарын қайта қарастыруда өзіне тиімді жолдарды ұсынуға тиіс. Сонымен қатар, табысының азайғанын және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды беруге міндетті. Қарыз алушы кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы, кепілген қойылған үйдің жалғыз баспанасы екені және бұған дейін міндеттемелерін уақтылы орындағаны туралы ақпарат беруі керек. Қаржылық ұйым талап еткен құжаттардың болмауы берешегі бар азаматтың өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылады. Кредит беруші өтініш түскен мерзімнен бастап он бес жұмыс күні ішінде несие алушыға өз жауабын беруге тиіс.

Банк немесе шағын қаржылық ұйым қарызды өтеу шартының талаптарына берешегі бар азамат ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып келісім беруге немесе несие шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын жасауға тиіс. Қарызы бар азаматтың өтінішін қабылдаудан бас тартуға да болады. Бірақ ол үшін нақты дәлел керек, — дейді агенттік өкілі

Несиені өтеу шарттарын қайта қарастыру талаптары келесідей: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту және ең тиімдісі — қарызды толығымен кешіру.

Заңнамада мерзімі өткен негізгі борышты немесе сыйақыны кешіру, қаржылық ұйым салатын айыппұлды, комиссияларды және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді кешіру қарастырылған, — дейді Александр Терентьев.

Қарызды толық кешіру берешекті өтеу үшін азаматтың табысының жоқтығы расталған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Мұндай шешімді банктер мен шағын қаржылық ұйымдар қаржы нарығын реттейтін ұйымның араласуынсыз, несие алған адамның әлеуметтік жағдайын ескере отырып өздері қабылдай алады.

Егер қарыз алушы банкпен немесе шағын қаржылық ұйыммен қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Ол үшін қарыз алушы міндетті түрде өзінің банкке немесе шағын қаржылық ұйымға өтініш жасағанын және өзара тиімді шешімге қол жеткізе алмағанын дәлелдеуге тиіс. Сондай-ақ, қарыз алушылар ипотекалық қарыз шарты бойынша туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін Банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсменіне де жүгіне алады.

Агенттік өтініш түскеннен кейін өз құзыреті шегінде кредит берушіге қатысты құжаттық тексеріс жүргізуге бастамашы болып, тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарастырып, қабылдаған шешімге қатысты кредиттік ұйымның іс-әрекеттерін бағалауды ұсынады, — дейді агенттік маманы.

Бұл кезеңде қаржылық ұйымдардың халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алу рәсімдерін бастауға құқығы жоқ. Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев азаматтарға мерзімі өтіп кеткен қарызды қайтару шарттарын қайта қарастыруды сұраған кезде жоғарыда аталған мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес береді. Кері жағдайда несие берушінің коллекторлық агенттіктерге жүгініп, қарызды сотқа дейінгі қайтарып алу шарттарын қолдануға құқығы бар.

Сонымен қатар, кредит берген ұйым қарызды өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайды анықтап, қаржылық ұйым мен қарыз алушының берешегін реттеу бойынша барлық шаралар қабылданғанын ескеретін болады.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар