«Өз несиесін төлеуін жалбарынып сұрадым»: жалғызбасты ана Ілияс Сариевке өз атынан несие алып беріп, алданып қалған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:39
- 1

Бірнеше мәрте алаяқтық жасады деп айыпталған «Елге көмек» қорының жетекшісі, әлеуметтік желіде «қазақ Робин Гуды» атанған Ілияс Сәриевтің Алмалы аудандық сотында ісі бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сотта жәбірленушілердің бірі Сәриевтің өтінішімен өз атына 6 миллион теңге несие рәсімдегенін, қазір қарызға батып отырғанын айтты.
2 қазандағы сот отырысында жәбірленуші Тоғжан Дүйсенбаева сөз сөйледі. Ол Сәриевтің әлеуметтік желідегі қызметін бұрыннан бақылап жүргенін және былтыр жазда оны кафеде кездейсоқ көргенін айтты.
«Мен оған барып, ажырасып жатқанымды, үш баламен баспанасыз қалғанымды айттым. Өмір бойы интернатта тұрдым, ешқандай қолдауым жоқ. Басқа адамдарға көмектесіп жүргенін білемін, сондықтан қолдау сұрадым. Ол көмектесуге уәде беріп, бірден 200 мың теңге берді», – деді Дүйсенбаева.
Араға уақыт салып, Сәриев әйелге қайта хабарласқан, бірақ бұл жолы өзі көмек сұрапты. Дүйсенбаеваның айтуынша, ол ауыр сырқатқа шалдыққанын, Түркияда емделмек екенін айтып, ақша қажет екенін жеткізген.
«Сәриев маған несие рәсімдеуді айтты. Ай сайынғы төлемді өзі жіберіп тұратынын, ал емделген соң Астанадағы байланыстары арқылы маған баспана жағынан көмектесетінін айтты. Мен сендім, өйткені үш баламен бір жалдамалы пәтерден екіншісіне көшіп жүрдім. Біз банкке бардық, 8 миллионға өтініш бердік, бірақ банк тек 6 миллион теңге мақұлдады. Сол ақшаны оған бердім», – деді ол.
Біраз уақыттан кейін Сәриев хабарласуды тоқтатып, төлемнен жалтара бастаған. 2025 жылдың сәуірінен, ол тергеуге алынған соң, мүлдем төлем жасалмаған.
«Мен оның өз несиесін төлеуін жалбарынып сұрадым. Ал ол керісінше маған балағат сөздер айтты. Нәтижесінде қарыз 7,5 миллион теңгеге дейін өсті. Сол несие үшін менің ЖК-ім бұғатталды, қазір тіпті жұмыс істей алмаймын. Коллекторлар қоңырау шалып, менде жоқ ақшаны талап етіп жатыр. Ең қатаң жаза қолдануды талап етемін», – деді Дүйсенбаева.
Ал Ілияс Сәриев кредитті уақытылы төлеп келгенін, тек қамауға алынғаннан кейін ғана төлемдерді тоқтатқанын айтты.
«Біз бір-бірімізге сендік. Сізбен байланысқа шығуға физикалық мүмкіндігім болмады. Мен соншалықты ауыр қылмыс жасадым ба, маған қатаң жаза сұрау үшін? Бұл ақшаны қайтарамын», – деді блогер жәбірленушіге.
Айыпталушының адвокаты Дүйсенбаевадан Сәриев қарызды қайтарса, оны кешіруге дайын ба деп сұрады. Әйел үзілді-кесілді бас тартты.
Сот процесі жалғасуда.