Президент қаңтарда қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысып, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келгенін айтты.
"Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді", - деді Тоқаев.
Айтуынша, қылмыскерлер бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды.Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды.
Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады."Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық", - дейді мемлекет басшысы.
"Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді", - дейді президент.