«Күйеуім 8 жыл бойы ұрып-соғып күн көрсетпеді»: Ішіне жын кірген қызылордалық келіншек күйеуінен қорлық көріп, балаларын ала алмай жүргенін айтты
- автор kyn.kz
- 17 қараша, 2022
- 333
Күйеуі мен оның туыстары жас ананың балаларын тартып алып, өзін соққыға жыққан. Бұл туралы «Шешімі бар» бағдарламасына сілтеме жасаған KYN.KZ сайты хабарлайды.
Бұл – Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Бақытгүл Оңдасованың жанайқайы.
«8 жыл бойы көрмеген азабым жоқ. 8 жыл бойы ішіп келді. Ұрады, соғады. Сол үйдің келіні емес, құлы сияқты болып жүрмін. Енді екі қызымды көрмегеніме 2 жыл болды, балаларымды көре алмай, сөйлесе алмай жүрмін. Көрсетпейді», - дейді қайынжұртынан жәбір көрген Бақытгүл.
Ал Бақытгүлдің күйеуі әйелінің өзі үйден кетіп қалғанын айтады.
«Әйелім қайта-қайта үйден кетіп қала береді. Балаларға да дұрыстап қарамайды. Маған тұрмысқа шыққанға дейін өз ауданында психдиспансерде тіркеуде тұрған екен. Мен оны кейіннен білдім. Бір күні молдаға да ертіп алып бардым. Молда оқып отырғанда әйелім жылады. Не үшін жылағанын сұрап едім. Молда Бақытгүлдің ішінде жын бар екенін айтып, екі аптадан соң тағы әкел деген. Одан кейін бармадық. Себебі әйелім тағы да үйден кетіп қалды. Соңында «маған неге жабысып алдыңдар, мені жіберші, менің сүйген адамым бар» деп менен жіберуімді өтінді. Ал балаларды көруіне мен оған рұқсат бермей қойған жоқпын. Өзі хабарсыз кеткен», - дейді.
Сот шешімі бойынша күйеуінен ажырасып, балаларын тастап кеткен Бақытгүлге соттан алимент төлеу міндеті жүктелген. Ай сайынғы алименттен қашқан ол амалдың жоқтығынан балаларын қайта алғысы келіп отырғанын айтады Бақытгүлдің қайынәпкесі Нұрсәуле Тұржанова.
Тиісінше, Бақытгүлдің қайынжұрттағы көршілері де ол туралы жақсы пікірде емес екен. Олар да үйінде ұзақ жүре алмайтынын, қайта-қайта кетіп қалатынын, балаларына күйеуі қарап жүретінін сөз етті.
15 жасында отбасылық өмірге қадам басқан Бақытгүлдің қазіргі екі қызынан бөлек тағы бір қызы бар. Өкінішке қарай, бірінші күйеуі қайғылы оқиғадан көз жұмыпты.