Ақтөбеде басшылар 5 жыл бойы суы ауыспаған бассейннің суы таза, қауіпсіз деп отыр
- автор kyn.kz
- 18 қараша, 2022
- 296
Ақтөбедегі "Достық" бассейніне қатысты тексерістің қорытындысы шықты, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Бұған дейін бассейн суы бес жылдан бері ауыстырылмағаны туралы айтылған еді. Балалардың үстіне бөртпе шығып, аллергиялық дертке шалдыққан болатын. Тәуелсіз сараптаманың қорытындысы бойынша су қалыпты нормаға сай екен.
Алайда облыстық санитарлық эпидемиологиялық департамент бассейн суына тексеріс жүргізбеген. Олар сынама алу үшін ата-аналардан арнайы арыз-шағым түсіруі қажет дегенді алға тартып отыр."Нысандар маңыздылығы жағынан бөлінеді. Бұл жағдайда бассейн аса маңызды нысан емес.
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алатын нысан болып есептелмейді. Сондықтан біз ата-аналар тарапынан қандайда бір арыз-шағым болмаса тексеріс ашпаймыз", - дейді облыстық санитарлық эпидемиологиялық департаменттің бөлім басшысы Лаура Ршауова.
Кешен басшылығы бассейн суының бес жылдан бері ауыстырылмағанын жасырмады. Бірақ талапқа сай дегеннен танбады. Айтуынша, автоматтандырылған сүзгілер суды тәулік бойы тазартып отырады. Кешен келер жылы жөңдеуден өтеді. Суы да ауыстырылмақ.
"Біздегі бассейндегі су күнделікті жаңарып отырады.Ол үшін су астында төрт фильтр бар. Фильтр тазаланған кезде ішіне жиналған су канализацияға кетеді. Оның орнына біздер жаңадан су құйып алмастырып отырамыз", - дейді "Достық" спорт кешенінің директоры Серікбол Нұралин.