Қызылордада полицей жүкті әйелін терезеден секіруге мәжбүрледі
- автор kyn.kz
- 19 қараша, 2022
- 233
Қызылордада 21 жастағы жүкті әйел үшінші қабаттан секіріп кетті. Күйеуінен үнемі зорлық-зомбылық көрген келіншек бұл қадамға өмірін сақтау үшін барған, деп хабарлайды.
Келіншектің жағдайы туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Зардап шеккен келіншек видео арқылы президенттен көмек сұраған."Мен суицид жасамадым. Тек өмірімді сақтап қалғым келді. Өйткені күйеуім мені өлтірмек болды. Есіктен қашып шығайын десем, үйдің кілтін алып алған. Ол суицидке итермеледі деген баппен айыпталды.
Ол суицидке итермелеген жоқ, өлтірмек болды. Мен екі жасар ұлымды тастап, өз еркіммен ешқашан өлмеймін", - дейді жәбірленуші.Дина Таңсәрінің айтуынша, Қызылорда қалалық полиция департаментінің қызметкері әйеліне үнемі қол көтеріп келген."4 қараша күні полицей аяғы ауыр әйелін тағы да соққыға жыққан. Басынан банкамен ұрып, тұншықтырған.
Өзін қорғамақ болып жанталасқан әйел есіктен шыға алмай, терезеден секіруге мәжбүр болған. Келіншек жерге арқасымен құлаған. Екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан оны қазіргі күні палатаға ауыстырды", - дейді құқық қорғаушы.Қазір келіншектің жағдайы ауыр. Басынан аяғына дейін денесін сезбейді, көкбауырын алып тастаған, иығы мен иық сүйегі сынған, жүктілікті тоқтатуға тура келген.
"Осы факті негізінде Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар қызметтік тексеріс жүргізілуде. Бұл мәселе басшылықтың бақылауында", - деп хабарлады Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметі.