Енді жұмыста қоластындағы қыз-келіншектерге "қырындаған" бастықтар қылмыстық жауапқа тартылады
- автор kyn.kz
- 25 қараша, 2022
- 541
«Басшыдан зәбір көрдім». Құқық қорғау органдарына аты-жөні белгісіз қыз-келіншектерден ең көп түсетіні осындай сарындағы хат. Қызмет бабын асыра пайдаланып, тентек іс жасағысы келетін бастықсымақтарды енді заңмен тыймақ, деп хабарлайды KYN.KZ KTK арнасына сілтеме жасай отырып.
Бүгін елордада кәсіпкер әйелдер, полиция қызметкерлері жиналып, жаңа заң жобасын талқылады. Бұған көп жағдайда қыз-келіншектердің болған оқиғаны жасырып қалуы себеп.
Өйткені басым бөлігі нан тауып отырған жұмысынан айрылып қалудан қорқады дейді тәртіп сақшылары. Бұған статиска да дәлел. Биыл елордалық полицейлердің сенім телефонына бастықтан зорлық-зомбылық көрдім деген 20 қоңырау түсіпті.
Әлеуметтік сауалнама нәтижесі де арсыз бастықсымақтардың расында бар екенін көрсетеді. Көбіне 20-40 жас аралығындағы нәзік жандыларға қырындайды. Бірақ, тағы бір қайталап өтейік, бұл тек әлеуметтік сауалнама нәтижесінде белгілі болған статистика. Көңілге тиетін тұсы ондай бастысымақтарға еш жаза қарастырылмаған.
Енді оны қылмыстық, әкімшілік, азаматтық тәртіптік негізде жазалайтын болады. Яғни басшылар әрекетіне қарай бес айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан бастап, бес жылға дейін бас бостандығынан да айрылуы мүмкін. Құжаттың қашан дайын болатыны әзір белгісіз. Заң жобасын талқылаушылар парламенттің жұмыс тобына кірдік дейді.