Басты жаңалықтар
Таразда жарылыста жоғалған әскери қызметкердің 1 жылдан кейін сүйегі табылды
- автор kyn.kz
- 1 желтоқсан, 2022
- 220
Жамбыл облысындағы әскери қоймада шыққан өртте жоғалған Бауыржан Дәуітбаевтің 1 жылдан кейін сүйегі табылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық порталы.
2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадан өрт шыққан еді. Тілсіз ажал 17 адамды алып, бір адам із-түссіз ғайып болған. Бауыржан Дәуітбаев сол әскери қоймаға жақын маңдағы Базарбай ауылының тұрғыны еді. Ол жоғалғанда келіншегі Ділнәз бесінші перзентіне аяғы ауыр болған. Бүгінде Ділнәз босанып, ұлының есімін ырымдап Аманкелді деп қойған.
Құзырлы орган барын салып іздегенімен, жоғалған кіші сержант табылмаған. Ал үміт үзбеген жақындары, тіпті түрлі көріпкелдерге жүгінген. Әрқайсысы әр түрлі болжам айтып, кіші сержанттың табылатынын меңзеген. Соңғы жүгінген танымал экстрасенс Камрян Самедов қана шындығын айтып, Бауыржанның өрт кезінде күлінің көкке ұшқанын айтқан.
Бүгін ҚР қорғаныс министрлігінің Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Бауыржан Дәуітбаевтың мәйіті табылғанын хабарлады. Жарылыс болған орыннан марқұмның сүйегі бөлшектерге бөлінген күйінде табылып, киім қалдықтарын әр жерден теріп алған.
Марқұмның артында әйелі мен 5 баласы қалды.