Басты жаңалықтар
Марқұм Асқар Забикулин туралы тың деректер шықты
- автор kyn.kz
- 1 желтоқсан, 2022
- 1.1k
Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде шыққан өртте тұрғындардың жанын аман алып қалып, өзі жан тәсілім еткен марқұм өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы тың деректер жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық порталы «Көреміз» тележобасына сілтеме жасап.
Сол күні өрт шыққан пәтердің есігі балқып, ашылмай қалған. Асқар уақытты жоғалтқысы келмей, 12-қабаттан құтқару арқанымен төмен түседі. Дәл сол пәтердің үстіндегі пәтерден түскен жердегі терезенің кішкентай болуына байланысты сыймай, өзі де алып денелі Асқар күртешесін шешуге мәжбүр болған.
2015 жылы Көкшетау техникалық университетін бітірген Асқар 2017 жылы 9 желтоқсан күні отау құрған. Марқұмның курстасы оның қонақжайлығын еске ала отырып, ол туралы естеліктерін бөлісті.
«Үнемі алдыңғы сапта жүгіріп жүретін еді. Өрт шыққан орында адам болмаса да, барынша тезірек өшіріп, ғимарат, үйлерді аман сақтап қалуға тырысатын, өрттен кейін көп шығын келмеу үшін. Ештеңеден қорықпайтын ержүрек еді. «Неше жылдан бері өрт сөндіріп болдың ғой, басқа бөлімдерді де көрсейші» деп талай рет айттық. «Жоқ, жігіттер, мен өрт сөндіруді жақсы көремін. Осы мамандықты таңдағаныма өте қуаныштымын! Мен осылай өрт сөндіре берейін. Бұл жұмыс маған арналған» деп жауап беретін», - дейді Забикуллиннің курстасы Ғалымхан Мұхамедхан.
Үйдің жатын бөлмесінде электр сымдарын ұзартқыш жүйесі қысқаша тұйықталып, өрт шыққан. «Ақмола құрылыс материалдары» құрылыс компаниясы 2010 жылы қолданысқа берген тұрғын кешенінде өрт қауіпсіздігі шаралары толық сақталмаған. Тіпті өрт сөндіру жендері де болмаған. Өрт шыққан «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде бұған дейін де бірнеше рет өрт шығу жағдайы болған.
Ал марқұм Асқардың өзіне өрттен шығуға көмектескен Арғын есімді елордалық азамат оны қандай жағдайда көргенін айтты.
«Мен ол тұрғын үйде тұрмаймын. Қасынан өтіп бара жатқанынмын. Тұңғыш ұлым дүниеге келіп, сол үйдің қасынан гүл алуға келгенмін. «Көмектесіңдер» деген айқайды естіп, үйге кірдім. Өрт орнына мен келгенде өрт сөндіру қызметкерлері келіп қойған еді. Олар тез келді. Содан кейін тынышталды. Бір кезде бір тоқылдатқан дауыс естілді. Сол сәттегі жағдай толық есімде жоқ. Есікті аштым. Қап-қара түтін. Ондайды ешкімге көрсетпей-ақ қойсын. Қолыңды қойсаң, қолың көрінбейтін түтін. Ол жерден бір баланы алып шығып, тұншығып құлап, қайта тұрып келе жатқанда алдымнан Асқар шықты. «Үстіндегі кислородный баллоны мен маскасын шешуге көмектес» дегенін нақты білем. Бір кезде бәріміз балконда тұрмыз. Асқар «Қолымдағы сағатты шешіп қалтаңа салып алшы, сыртқа шыққанда бересің, қалтамдағы телефонды алшы» деді. Оның қолы қатты күйген еді. Бірақ Асқарды 80% күйік шалғанын сол сәтте білмедім», - дейді Арғын.