Басты жаңалықтар
Кезінде Назарбаев режимін мадақтап, енді "әулеттік билікті тамырымен құрту керек" деп ұрандатқан депутат елді шошытты
- автор kyn.kz
- 9 желтоқсан, 2022
- 298
ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желіде соңғы екі жылда екі түрлі позияцияда пікір білдіріп, екі ойлы болып жүр, деп хабарлайды KYN.KZ сайты.
Бірнеше күннен бері желідегі парақшасы жұрттың пікірталас алаңына айналған депутаттың жазғанына көз салып көрейік. Кеше басқа ой, ал бүгін мүлде басқа ой айтқан Жаңбыршиннің оқырмандары да әзірге өзі секілді бір жақты емес, екіжақты пікір білдіріп жатыр оның жазбасына. Кейбірі ақтаса, енді бірі даттап отыр.
«Азғантай пікір! Ағайын! Кешегі пост мемлекетте, экономикада және қоғамда әбден қалыптасып қалған ЕСКІ ЖҮЙЕГЕ арналған. Мағнасына мән беріңіз! Жүйе өзгермей ӘДІЛ ҚАЗАҚСТАН құру қиын. Өзгерістер басталып жатыр, бірақ ескі жүйе сахнадан кеткісі келмей арпалысуда. Постымды жеке тұлғаға қатысты жазған пікірлеріме қарай бұрмалап, ақпараттық шабуылдар жасауда соның бір көрінісі! Бұл заңдылық! Билігі мен байлығын кім оңай бере қояды?! Қолдау білдіріп отырған қазақстандықтарға рахмет! Ауызбіршілікпен, ақылмен, біліммен, сабырлықпен, табандылықпен және мықты рухпен ЕСКІ ЖҮЙЕНІ өзгерте аламыз! Елде бейбітшілік, басымыз аман болғай! Құрметпен, Еділ Жаңбыршин» (30 қараша, 2022).
«Әділдік құру үшін! Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек» (29 қараша, 2022).
«Елбасы. Құрметті ағайын! ...Бұл оқиғаларды мен неге жазып отырмын. Бір кішкентай эпизодтардың өзінен Елбасының адами қасиеттерін, Қазақстан үшін жаны ауратынын, елін сүйетіні көруге болады. Кеңес империясы ыдырап, мықты деген республикалар, олардың басшылар абдырап қалғанда, Елбасы өз мойнына үлкен жауапкершілік алып, елді соғыссыз, ың-шыңсыз, майдан қыл суырғандай қылып, Қазақстанды алып шықты. Мұндай тектоникалық өзгерістер бұрын соңды біздің өмірімізде болды ма? Ешкімде ондай тәжірибе жоқ еді. Орысша айтқанда на ходу жүріп бәрін үйрендік. Қателіктер де болған шығар. Шалдар айтқан «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» - деп. Жаңылып жүріп жасадық, сүрініп жүріп тұрғыздық! Осының бәрін тәуекелге барып, бастайтын лидер керек еді. Оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді! Бүгін сол ердің, Тұңғыш Президенттің, Елбасының күні! Құтты болсын! Деніне саулық, отбасына амандық тілейік! Қазағымның басы бір болғай» (1 желтоқсан, 2021).