Оқушының екі бауыры бар, алайда үшеуінің анасы бір болғанымен, әкелері бөлек. Араққа сылқия тойып, ауруханаға түскен 14 жастағы Ілиястың әкесін де «алкаш» деп атады анасы. Бұл туралы KYN.KZ сайты «Көреміз» ток-шоуына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ішімдік ішіп, қараусыз қалған оқушыны көршілері сыртта домалап, ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Ал анасы, Қонаев қаласының тұрғыны Маржан Нұрахметова осыдан 1,5 ай бұрын балаларын Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы алып кеткенін айтады. Оқиға болған күні екі жұмыс істеп балаларын бағып жүрген Маржан кешкі уақытта Ілиясқа хабарласып, тезірек келуін айтады. Ілияс келмеген соң балаларын үйде жалғыз тастап кете алмаған Маржанға хабар ауруханадан бір-ақ келеді.
Үш баласынан айырылғысы келмейтінін айтқан ана пәтерақысының қымбаттап, жалақысын дымға жетпей, балаларын баға алмағанын сөз етті.
Осы орайда балалары үшін шыр-пыр болған Маржан олардың туған анасы емес екенін айта кеткен жөн. Балалардың биологиялық анасы – Маржанның туған сіңлісі Жанна Нұрахметова.
Маржанның сөзіне сенсек, үш баланы туып, тастап кеткен көкек ананың еркектермен көңіл көтергенді жаны сүйеді екен. Ал оның бүгінгі таңдағы көңіл қосқан еркегіне баланың иісі ұнамайтын көрінеді, «не мені таңдайсың, не балаларды» деп шарт қойыпты. Соның салдарынан Маржанның қараусыз қалған балаларды бауырына басқанына тура 4 жыл болған. Ал Жанна қазіргі күйеуінің балаларға қарсы болмағанын, тіпті қолына алып алуын да айтқанын мәлімдеді.
Ішімдік ішіп, асқазаны қабынып ауруханаға түскен Ілиястың баққан анасы бұған дейін ешқандай олқы әрекетін байқамағанын, өзіне үй шаруасында көмектесетінін айтады. Сыртқа шықса да, рұқсатсыз кетпейтін баланың өтпелі кезеңде жүргенін ескертіп, ішімдік ішуіне де ішкі күйінің себеп болғанын болжап отыр.
Алайда сараптама барысында қараусыз қалған баланың 1 жылдан бері есірткі қолданғаны, бұған дейін бұзақылық жасап, мектепішілік тіркеуде тұрғаны, тіпті соңғы уақытта сабаққа да келмей қойғаны белгілі болды.