Басты жаңалықтар
"Пәтер ақыға дейін өздері алады, аптасына ақша жинатады": Қазақстандық полицейлер басшыларына шағым айтып, заңгерден көмек сұрады
- автор kyn.kz
- 11 желтоқсан, 2022
- 187
Полицейлер қара халықты не себепті зарқақтыруға мәжбүр болып жүргенін айтты
Қазақстан халқы арасында тұрғындар полициядан "қорқатыны" жасырын емес. Шын мәнінде полициядан пана іздеуге тиіс халық, олардан қашып, күдіктеніп, қорқып жүреді. Өйткені қит етсе ашықта- ашық пара сұрайтыны құпия емес. Енді полицейлер осыншалықты сыйсыз болып қалуларына өз басшыларын кінәлі деп, заңгерден көмек сұрап отыр екен.
Полицейлер өз басшыларынан көрген қорлықты тізіп жазған, тіпті адамдарды "тонауға" мәжбүрміз дегенге келтірген, деп жазды KYN.KZ.
"Дәл қазір Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Полиция қызметкерлерінен маған арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр…
Әсіресе, Тараз, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Түркістан полицейлері:”Әр ай сайын жоғарыдан тексеруге келетін комиссияға ақша, жолақыларына дейін бізден, сол жеке құрамнан жинайды. Бермейміз, бала-шағамыз бар десек, бітті! Қысым-қудалауға түсеміз. Салықша бекітілген күн сайынғы заңсыз ақшаны тауып бере алмасақ, “жұмыстан құртам” деп қорқытады! Қорқа-қорқа шаршадық. Біз қашанғы осылай жүреміз, халыққа да жексұрын болып біттік. Осыдан кейін, бізді қандай халық сыйлайды?
Проблемаларымызды өзіңіз шығарып беріңізші, бізде басқа амал қалмады. Не істерімізді білмейміз. Айгүл ханым, сізден өтініш…”, “..Күні-түні жұмыста жүреміз. “Квартирныйға” берілетін төлем-қаржыларымызды да бермейді, “премия” дегенді ұмыттық!
Берді қылып құжатпен туралап, қайтадан сол ақшаны басшылық біртіндеп тұрып санап, бізден жинап алады. Құжатқа қарасаң, біз “премия” алыппыз! Айгүл ханым, бізге араша түсіңізші”, -деп жекеме хабарласып жатқандар көбейді!
Қоғамдағы тәртіпті бақылайтын, халықты тәртіпке - заңға бағынуға шақыратын полиция қызметкерлерінің өзіне қазір құқықтық көмек ауадай қажет екен!
Сондықтан, әдеттегідей қағаз жүзінде “көзбояушылық-сауалнама” жүргізіп, бізде “бәрі тамаша” деп жылы жауып қоюдың қажеті жоқ! Халық бәрін біліп, көріп отыр!
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың өзі қатаң тапсырған “Жұртқа жақын полиция” тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін ең алдымен, тәртіп сақшыларына жағдай жасау керек. Олардан ақша жинап, қорлай бермей, керісінше заңға сай дұрыс жұмыс істеуіне психологиялық және моральдық тұрғыда жағдай жасау керек! Басшылықтан қысым көріп, қудалауға ұшыраған полицейлер алдына келген халыққа сапалы қызмет көрсетіп, заң шеңберінде жұмыс істей алмайды! Бар ашу-ызасын халықтан алады. Әдеттегідей, бұл жағдайда да зардап шегетін - қара халық!
Мәселені шешу үшін сөз емес, нақ іс жүзіне көшейік:
Біріншіден, электронды-цифрлы анонимді сауалнаманы дереу енгізіп және оның нәтижесін Ішкі істер Министрлігіне тәуелді етпей, тікелей Президент әкімшілігі мен Президентіміздің өзі көретіндей ақпараттық жүйемен жасау маңызды! Бұл шұғыл әрі ешқандай кедергісіз жүзеге асуын - Министрлікке еш қатысы жоқ, яғни Бас прокуратура, Антикор, Ұлттық Құрылтай т.с.с салалардағы тұлғалардан арнайы топ құрылып, аса жауапкершілікпен қадағалауы тиіс!
Екіншіден, Ішкі істер органдарына жедел түрде жаңа Реформа қажет! Бұны қанша уақыттан бері айтып, дабыл қағып келемін! Ішкі істер органдарындағы басшылардың жеке құрамды “езіп” ақша жинауы, ұрып-соғып қинауы, заңсыз қудалауға ұшыратуы, бұл - “ескі” әрі “шіріген” жүйенің жемісі әрі жалғасы екені айтпаса да түсінікті! Бірақ, осылай заңсыздақтарға қарап және қол қусырып отыра беретін “ескі-заман”өтті! Кетті!
Үшіншіден, өңірлердегі департамент бірінші бастықтарын ешқандай сауалнамасыз-ақ, бүгін, тіпті қазір ауыстыруды ұсынамын! Себебі, “ескі” жүйенің адамдары жемқорлықты жойып, Жаңа Қазақстанның әділ жүйесін енгізе алмайды! Бұл - шындық!
Қазақ Елі, қазір үнсіз отырмай, полиция қызметкерлерінің құқықтары қорғалуы үшін Ел болып күресейік! Араша түсейік! Сонда ғана әділдік іздеп сандалған халық болмайды, өзі қудаланғандықтан ақысын Халықтан алып, көпшілікті қанайтын полицей болмайды!",-деп жазды заңгер Айгүл Орынбек.