Басты жаңалықтар
Димаш Құдайберген Бибігүл Төлегенованы туған күнімен құттықтап, ерекше сыйлығын берді (видео)
- автор kyn.kz
- 16 желтоқсан, 2022
- 347
93 жасқа толған әншінің қос балдаққа сүйеніп қалғанын көргендер "көзімізге жас үйірілді" деп жазды
16 желтоқсан күні дүниеге келген қазақтың бұлбұлы Бибігүл Ахметқызын талантты әнші Димаш Құдайберген үйіне барып құттықтап, арнайы алған сыйлығын табыстады, деп жазды KYN.KZ.
Бибігіүл Төлегенованы видеодан көрген тыңдармандары 93 жасқа толған сәтінде де ерекше әдемі екенін жарыса жазып жатыр.
Көпшілік көңілінде ерекше сымбатымен, сыңғырлаған дауысы, әдемі бейнесімен қалған әншінің төрт дөңгелекті қос балдаққа сүйеніп жүргенін көргендер арасында "көзімізге жас алдық" дегендер де болды.
"Аса құрметті Бибігүл Ахметқызы Төлегенова! Сізді туған күніңізбен құттықтаймын! Қазақ ән өнерінің негізін салушы, тұтастай еліміздің абыз анасы тек қуанышқа бөлене бергей!Апамыз биыл 93 жаста!
Әлі есімде 2015 жылы «Славян базарына» барғалы жатқанда аналық ақ батаңызды беріп тілеуімді тіледіңіз. Қытай елінде де,Америка елінде де,басқа мемлекеттерде де жарыста жүрген кездерімде әрқашан бата беріп шығарып салатын кездеріңіз мәнгі есімде қалады. Қазақ ән өнерінің – анасы екендігіңіз сөзсіз.
Бибігүл апа, сізге, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, 95 және 100 жылдығыңызды дүркіретіп атап өтейік! Сіздің күш жігеріңіз, еңбек еткен жолдарыңыз барлығы бізге, барлық жастарға үлгі өнеге! Қазақ қоғамы апамыздың өнерін сақтап, ғасырдан ғасырға жеткізу әр азаматқа парыз!",- деп жазды Димаш Құдайберген.
Қазақстанды әлемге танытып жүрген Димаш Бибігүл Төлегеноваға сырға сыйлап, көңілін көтеріп қойды. Көпшілік әншінің атасы мен апасы берген тәрбиесіне, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігіне тәнті екендіктерін жазып жатты. Көпшілік Димашқа Төлегенованың қазіргі жағдайын, амандығын көрсеткені үшін де алғыс жаудырды. Төлегенованың тыңдармандарының біразы аты аңыз әншіні көргендеріне риза болған.
"Табиғи сұлулық деген осы ғой. Апамыз үй жағдайында да әдемі", "Бибігүл Төлегенова біздің санамызда әдемі, жас, сымбаты келіскен қалпында қалып қойыпты. Балдаққа сүйенгенін көріп, көңілім босады. Бірақ апамыздың жасы да оңай жас емес. Алла күш берсін" деп жазды көпшілік.