Басты жаңалықтар
Жетісайлық ерлі-зайыптылар 22 жастағы қызды тоқалдыққа алып, он жыл бойы құл еткен
- автор kyn.kz
- 15 қаңтар, 2023
- 243
Тоқал Айгүл Жүзбаева: Он жыл бойы дүкенге шығып көрмедім, құжатым құлыптаулы сандықта болды
Жетісайлық отбасында әйелі екі қыз босанғаннан кейін, жатырына ота жасалып бала көтеру мүмкіндігінен айырылады. Осы кезде 32 жастағы әйел көрші ауылдың 22 жастағы бұрын тұрмыс құрмаған қызын күйеуіне тоқалдыққа алып беруге бекінген. Қыздың анасы да бұл жоспарға келісіп, тоқалға сырға салып, құдалық өткізіп бәйбішенің өзі тойды ұйымдастырады.
Бүгінде Айгүлдің осы отбасыға тоқал болып келгеніне он жыл болған. Екі қыз, бір ұл тапқан. Бірақ ол соңғы кездері туғандарымен мүлде байланыс үзіпті. өйткені бәйбіше араласып тұруларына қарсы болыпты. Осыдан кейін Айгүлдің туыстары "Көреміз" бағдарламасы арқылы сол отбасының ішіне кіріп, Айгүлдің құжаттарын алып "Құлдықтан" босатады.
"Күнде мен бұларды егін басына шығарып саламын. Үйдің бар шаруасын істеймін. Кешке келіп, "Тамағың дәмсіз, наның болмай қалыпты" деген сияқты сын тағады. Сосын екеуіміз төбелесеміз. Осыдан кейін күйеуім мені ұрады. Бірақ, Гүлмираны ұрмайды. Мені әрдайым кемсітіп, ұрысып, ұрып намысыма тиетін сөздер айтып қысымда ұстады. Телефоным да жоқ. ешкіммен сөйлестірмейді. Сол үйге келін болғаныма он жыл болса, он жыл ішінде мен солардың айтқанымен жүрдім",-деп жылайды. Айгүл Жүзбаеваның сіңлісі болса журналистер мен полициядан көмек сұрауға мәжбүр болғандарын айтты.
"Бұл кісі өтірік айтады. Менің әпкемді сіңлісіндей көрген емес. Біз Айгүлмен телефон арқылы еркін сөйлесе алмайтынбыз. Тіпті сөйлестірмей қойған кездері де болды. тіпті үйлеріне барғанымызда, егін басынан түскен де жоқ. Аузында тістері де жоқ әпкемнің. Бүтін бір киімі жоқ. Бұл құлдық емей не?",-дейді Айгүлдің сіңлісі.
Ал, бәйбішенің өзі болса өзін ештеңеге кінәлі санамайды. "Мен оны еркінен тыс сүйреп келгенім жоқ. Ол өзі келісіп тоқал болды. Сырғасын салып, құдалық тойын жасап бердім. Бірінші баласы қыз болды. Оны мен неге ұл тумадың деп бетіне басқан емеспін. Оны біз менің денсаулығымнан кейін, күйеуімнің ұрпағын жалғасын деп алдық.
Міне енді Алматыға келіп алып балалармен сөйлестірмей отыр. Менің арманым балалар бізбен сөйлесіп тұрса болды. Ешқандай құл сияқты пайдаланған емеспіз. Құжаты ия, сандықта тұрды. Құлыптап ұстайтын себебім, балалар құжаттарды жыртуы мүмкін. Бар себеп сол. Үйдің дарбазасынан шықпаған дегендеріңіз өтірік. Оны өзіммен егін басына алып барғанмын. Бірге әулие араладық. Отырыстарға ертіп барғанмын. Күйеуімді қызғанған емеспін",-дейді әйел.
Бірақ студия қонақтары бәйбішеге қарағанда тоқалдың уәжіне көбірек сенді. Өйткені Айгүл өте жүдеп кеткен. студияға алғаш келгенде шыққан киімдері өте жұпыны еді. Қазір ерлі-зайыптылардың әрекетін полиция қарап жатыр.