Басты жаңалықтар
"15 миллионның тасын сұрайды": Марқұмды жерлеу үшін зираттан үлкен комплекс іздейтіндер көбейген
- автор kyn.kz
- 16 қаңтар, 2023
- 1.1k
Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жетті. Ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын екі есеге өскен. Мұны естіген халық ақшасы жоқ адамға өлуге де болмайды деп ашынып отыр. Жерлеу рәсімін кәсіпке айналдырған кімдер? Бұл сұраққа "Астана" арнасы жауап іздеп көрді. Қазір желіні ашып қалсаң, діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Солардың біріне хабарласып едім, ә дегеннен қандай қызмет көрсете алатынын тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. Ақшасын берсең жерлеу рәсімін толықтай ұйымдастырып беруге дайын агенттік өкілі «өлген адамның жақындары тек дайынға ғана келеді» деді. Тек 160 мың теңгесін төлеуің керек.
Соңғы сапарға шығарып салу осы 160 мыңмен шектеледі десеңіз, қателесесіз. Марқұмды жер қойнына тапсыру бір бөлек, оған құлпытас орнату тіптен бөлек әңгіме. Мәселен, жасыл түсті граниттен қойылған құлпытас қоршауымен 1 200 000 теңгеге барады. Оның өзі тапсырыспен 21 күнде дайындалады. Ал жай мәрмәрдан қойылатын құлпытас 500 мың теңгеге шығады.
"Қарапайым адамдар негізінен арзан бағаға іздейді, қолжетімді. Енді ондай адамдардан бөлек көп келеді жаңағыдай үлкен комплекс сұрайды, 10 миллион, 15 миллионнан асатын тастар сұрайды", - дейді дизайнер Мейірбек Мұсабек.
Қазір құлпытастың да түр түрі бар. Талғамға қарай кез келген ұсынысыңызды жасап береді. Көріп тұрғандарыңыздай, аты-жөнін, руын, тіпті суретін қойып береді. Қалауыңызша өлең шумақтарын да оюға болады. Халықтың көбі бағасы қолжетімді болғаннан кейін гранит тасына сұраныс көп.