Басты жаңалықтар
"Қақтап жесеңіз де - еркіңіз": Белгілі блогер қызды сыйламайтын оңтүстіктің адамдарына шүйлікті
- автор kyn.kz
- 18 қаңтар, 2023
- 686
Белгілі блогер, қоғамдағы қазақ әйелдерінің құқығын қорғап жүрген Перизат Мырзахмет қызды адам санамайтын, қыздарын ажырасып келсе, үйіне кіргізбейтін оңтүстіктің адамдарын сынға алды, деп жазады KYN.KZ. "Шындық - ащы дәрі. Мұрның тыжырайып, бетің быжырайып кетсе де, дертің жазылады. Оңтүстіктің намысшыл өкілдері, мені қуырып, асып, қақтап жесеңіздер де - еріктеріңіз. Сіздер оңтүстік үшін күйсеңіздер, мен қазақтың қыздары үшін шырылдаймын. Тек жалаңаш намыс жылытпайды. Айналаңызға ренжіп, ішіңіз бүріп, өзіңізді қабылдай алмай өмір сүресіз. Ол да еріктеріңіз.
Бірақ менімен алысуға жұмсаған қуаттарыңызды жаныңызда жүрген жандардың жарасын сәл де болса жеңілдетуге жұмсасаңыздар, әлем мейірлене түсер ме еді дейм де. Өйткені сіздер намыс үшін жыртылып жүргенде, дәл іргелеріңіздегі қыздар айдаладағы блогерлер мен психологтардан кеңес сұрап, жан сырын ақтарып, мұңын шағып жүреді.
Сіздерге айта алмайды, жауабын біледі: ұят, намыс, жұрт не айтат. Күйеуі «үйіңе кет» дейді. Ата-анасы «үйіңе кет» дейді. Үйі қайда? Қорғаны кім сонда қазақ қызының? Сенбесеңіздер карусельді айналдырып көріңіздер. Бұл екі-ақ сағатта келген жауаптар. Нақты оқиғаларды жіберіңдер десем, жаңа кітапқа материал жинап алар едім.
Салт-дәстүр жаман емес. Олар өз уақытында тұрмыс пен қоғамды ұйымдастыру үшін қажет болған. Бірақ қоғам өседі. Физикалық тұрғыда. Саны, аймағы, әрекеттесетін ортасы дегендей. Соған қарай санасы да өсу керек. Ойлау шекарасы кеңею керек. Әйтпесе тура мәңгүрттегідей: сыртқа шыға алмаған шаш миыңа кіріп ауру қылады. Бұл мысалдың дәлелі алыста емес, дәл жандарыңызда жүр. Ішінен іріп жатқан отбасылар мен олардан өсіп-өнген балалар жүр.
Тамағымыз қырылдағанша айтыса аламыз. Оған қазақта сөз жетеді. Бірақ ол сөз бір де бір адамды жылытпайды, бақытты қылмайды. Ұрпақ көбейтеміз деп түнде жастық сулайтын бақытсыз жандарды топырлатып жатқанымызды ойға түйе жүріңіздер", - деді Перизат.