Басты жаңалықтар
Атырау облысында жемқорлық туралы хабарлаған тұрғын 12 млн теңге сыйақы алды
- автор kyn.kz
- 21 қаңтар, 2023
- 280
Атырау облысында жемқорлықты әшкерелеген тұрғын 12 миллион теңге сыйақы алды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Ол Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарының жемқорлығын әшкерелеген. Бұл ақша параның жалпы сомасының 10%-ін құрайды.
Былтыр жемқорлықты ашуға көмектескен 134 азаматқа барлығы 40,6 миллион теңге сыйақы берілген. Ең үлкен сыйақы Атырау және Қызылорда облыстарында берілді. Сыйақы жемқорлықпен ұсталған адамға сот үкімі шыққан соң беріледі.
Айта кетері, жемқорлықты ашқан адамның аты-жөні құпия болып қалады.
"Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат 1424 телефоны бойынша Антикордың Call-орталығына хабарлай алады немесе жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін әр аумақтық департаменттің Antikor Ortalygy-на бара алады", - деп хабарлайды ведомство.
Өткен жылы сall-орталыққа 27 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, оның ішінде жемқорлық құқықбұзушылық фактілері бойынша 233 хабарлама түскен. 37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 18-і сотқа жолданған.
Агенттікке түсетін өтініштердің көпшілігі: қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін пара талап ету, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, "қамқорлық" көрсеткені үшін, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттері туралы түседі.