Басты жаңалықтар
Тұңғышбай Жаманқұлов Мұхамедиұлымен ерегес неден басталғанын айтты
- автор kyn.kz
- 25 қаңтар, 2023
- 311
Жаманқұлов: Мен оны екі рет сөзі мен қылығына шыдамай балағаттап жібердім
Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қамауда отырған мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен болған қақтығысы қалай басталғаны туралы сөз қозғады.
Бұл туралы әртіс журналист Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
– Ол ректор. Мен актерлер қабылдайтын курстың жетекшісімін. 4 жылда бір рет қабылдаймын. Актерлер өте көп келеді. Бір орынға 30-40 болады. Қыздардан 6-7 аламыз. Ұлдардан 10-15 аламыз. Сол ректор (сол кездегі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы) кезінде ақша төлеп оқитындарды қосты да, қаптатып жіберді. 30-40 адам бар. Оның бәріне актерлік шеберлікке оқыту мүмкін емес.
Сол кездегі декан Асхат Маемиров маған тізім берді: «Мына балаларды аласың» деп. Үкіметтің беретін гранты 12 адам. Ол 11 адамның тізімін, «бастық айтты» деп әкеліп отыр. Мен «Қызықсындар!? Мен вилиончель оқытып отырған жоқпын. Жарайды, ректор екен. Біреу алайын. Екеу алайын тіпті. Үлкен адамнан үлкендер жағы сұраған шығар. Атақты сыйлы адамдар. Көрейін, оларды дайындайын. Содан кейін көрейін. Бәрін ала алмаймын» дедім. «Өзіңіз біліңіз» деп кетіп қалды.
Сонымен емтихан басталды. Емтиханда Маемиров келді. «Ұнаса, тізімге қарамай, аламын. Болмаса, ренжімесін» дедім. Бір-екі ұл мен бір қыз баланы дайындадым. Қазір балалар пысық қой. Біліп отыр ғой. Кімге қай көзбен қарап отырғанымызды. Кімнің қандай байланысы бар, біліп қояды олар. Ал менің атым жайылған, ешкім хабарласпайды маған. Академияда қарсы ешкім шықпайды. Біледі. Менің ешкімді тыңдамайтынымды, – деді халық әртісі.
Сонымен қатар, Жаманқұлов Мұхамедиұлын қалай боқтап жібергенін айтты.
– Сонымен емтихан түнгі 12-ге дейін болды. Қайтып келе жаттық. Сол кезде маған ректор хабарласты. «Сен неге менің айтқанымды орындамайсың?» деп. Сол кезде «Ареке, мен уәде бергендей 2 адамыңды алдым. Әрі қарай мүмкіндік болмады. Тізіміңдегі балалар онша болмады. Ұят болады. Ертең жүрттың бетіне қалай қараймыз?» дедім. Ол тыңдамады. «Мен сені құртам. Мен сені ертең шығарып жіберем. Сен кімсің, сонша?» деді. Сонда мен «Сен деп сөйлейсің, біріншіден. Екіншіден, мен сенің басыбайлы құлыңмын ба? Мен Тұңғышбай Жаманқұлов деген ағаңмын, Қазақстанның халық әртісімін, профессормын. Бұл балалардың тағдырына жауап беремін. Сен дікеңдемей, сөз тыңдасаңшы» дедім. Қоймайды. Сонда телефон арқылы «кетші, бар на ***» дегенді айтып жібердім, – деді Жаманқұлов.
Сол кезде әртістің қасында телефон арқылы сөйлескенін естіп тұрған жұбайы жылап қалған. Ректорға түсіндіруін сұрады. Келесі күні Жаманқұлов академияға келді. Халық әртісінің айтуынша, академия алдында құзырлы орган қызметкерлері тұрды. Ешкімді кіргізбейді. Ректор жоқ. БІр уақытта келді. Жағдайды айқындау үшін Арыстанбек Мұхамедиұлына соққанын айтты.
– «Ареке, кешегі жайында түсінісейік. Мен кірейін деп едім. Мыналарың кіргізбей тұр мені. Айт. Бірге кірейік кабинетке, түсінісейік» дедім. Маған бір қарады. Аналарға бір қарады да: «Мынаны кіргізбеңдер!» деді. Тағы боқтадым, шымкентше… Сосын кетіп қалдым, – деп түйіндеді халық әртісі.
дереккөзі:orda.kz