Басты жаңалықтар
Өз халқына жақпай жүрген Мұрат Әйтеновке Смайлов сын айтты
- автор kyn.kz
- 27 қаңтар, 2023
- 568
Премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы шаһардағы әуежайдың жай-күйімен танысқан соң мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновке шүйлікті, деп хабарлайды KYN.KZ сайты EXK.KZ сайтына сілтеме жасай отырып.
Әлихан Смайылов Шымкент Шығыс пен Батыс арасындағы көлік қозғалысының түйіскен жерінде орналасқан еліміздегі үшінші ірі мегаполис екенін еске салды. Бұл өз кезегінде тікелей және транзиттік рейстерді орындауға ыңғайлы жағдай жасайды.
Премьер-министр сайтының жазуынша, Үкімет басшысы Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық мәртебеге сәйкес келмейтінін атап өтті.
Жаңа терминал салу 2018 жылы тапсырылған болатын. Не себептен әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр? Келген туристер мен қонақтар ең алдымен әуежайдың жағдайына назар салады. Сол себепті тез арада жаңа терминалды пайдалануға беру керек,
— деді Әлихан Смайылов.
Мұрат Әйтенов болса, бүгінгі таңда жобаның 80 пайыздан аса көлемде бітірілгенін, құрылыстың 40 мың шаршы метр аумақты алып жатқанын айтты. Терминал 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға беріледі. Қала басшысының сөзіне сенсек, бұл еліміздегі ең ірі терминалдардың бірі болмақ.
Үкімет басшысы әкімдікке жұмыстардың барлығын мүмкіндігінше тезірек аяқтап, құрылыстың одан әрі созылуына жол бермеу қажеттігін атап өтті.