Басты жаңалықтар
Тоқаев Түркияға көмектесу туралы Үкіметке тапсырма берді
- автор kyn.kz
- 6 ақпан, 2023
- 280
Мемлекет басшысы бауырлас ел Түркияда болып жатқан жойқын жер сілкінісін еңсеруге көмек жіберу үшін Үкіметке тапсырма берді. Бұл туралы akorda.kz мәлімдеді, деп жазды KYN.KZ.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия Республикасына елдің оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруге шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
СІМ және ТЖМ желісі бойынша түрік билігімен байланыс орнатылды. Жақын арада Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер жол тартады», - делінген хабарламада.
Түркия Республикасында болған жел сілкінісінен елдің 10 аймағында қаза болғандардың саны 284-ке, зардап шеккендер саны 2383-ке жетті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат сағат сайын өзгеруде.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, 6,4 және 6,6 магнитудалы екі жерасты дүмпуі Нурдагы ауданында, ал 7,4 баллдық жер сілкінісі Кахраманмараш провинциясындағы Пазаржик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де 7 км тереңдікте болған.
Бұл 1999 жылдан кейінгі ең ауыр жер сілкінісі екені белгілі болды. Аталған жылы 18 мыңға жуық адам қаза тапқан.
Елдегі жер сілкінісіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдағанын айта кетейік.