Басты жаңалықтар
Петропавлда оқушы балтамен балаларға тап берген соң елдегі мектеп атаулының қауіпсіздігі тексерілетін болды
- автор kyn.kz
- 13 ақпан, 2023
- 307
Петропавл мектебінде төтенше жағдай орын алған соң, республикамыздағы бүкіл мектептің қауіпсіздігі тексеруден өтетін болды. Ол туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп жазды KYN.KZ ақпараттық агенттігі.
Министр тапсырмасы бойынша аталған төтенше жағдайға байланысты комиссия құрылды. Комиссия құрамы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының өкілдерін қамтыды.
«Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздің барлық жалпы білім беретін мектебінде қауіпсіздікті тексеру жұмысын жүргізу тапсырылды».
Сондай-ақ қазіргі таңда мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі де жұмыс істейді.
Айта кетейік, 13 ақпан күні Петропавл қаласының №4 орта мектебінде 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, үш оқушыны жарақаттады.
Мамандар зардап шеккен екі бала жансақтау бөлімінде жатқанын айтқан.
Жиналған деректер негізінде балтамен оқушыларға зәбір көрсеткен баланың психиатриялық есепте тұрғаны белгілі болды.
Оқушы құрықталып, Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды.