Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"8 минутта аяққа тұрды" деген келіншек: Арна тілшісі мен емші шындықты жасырып отыр

"8 минутта аяққа тұрды" деген келіншек: Арна тілшісі мен емші шындықты жасырып отыр
ашық дереккөз
Келіншек: Өзім сияқты жанына ем іздегендер соңғы ақшасын жинап беріп алданбаса екен
Соңғы он айда жүріп- тұруға шамасы келмей қалған  астаналық келіншек мемлекеттік арна эфирінде емшінің емінен кейін,  8 минутта жүріп кеткен еді.  Бүкіл Қазақстан халқы қайран қалып, эфирде емшіден бастап тілшілерге дейін жылаған жағдай көптің жүрегін елжіретті. Бірақ  ем алған келіншек әлі жылап отыр. Қуаныштан емес, реніштен, деп жазды KYN.KZ  тілшісі. Бақыт Рашидқызы KYN.KZ  тілшісіне хабарласып "алданып қалдым" деген шағымын айтты. Әйелдің сөзінше түсірілім кезінде расымен аяққа тұрып, бірнеше минут жүрген. Сол сәтте аяғына тұрғанына қуанып, айналасының барлығына алғысын жаудырып, қуанғаннан көзіне жас алған. Үш күн емге арбамен қатынап, емшінің  процедурасынан кейін сол ем қабылдаған жерде аяққа тұрып бірнеше минут жүре алған. Бірақ, үйде ауырсыну болып, қайтадан тұра алмай жүріпті. "Маған алғашында "үш күнде аяққа тұрасыз" деді. Үш күн өткеннен кейін "алты ай, бір немесе екі жыл емделіп көріңіз" деген сөздер болды. Осы жерде менің сенімсіздігім туа бастады. Содан кейін ауыр бел ауруы бар адамға өте қиын, мүмкін емес жаттығулар беріп отыр, мен айтар едім оны қорлау деп. Бірден екі жылға дейін ем алуға қарсы екенімді айттым. Жарайды бәріне рақмет, барлығы көмектескісі келді. Бірақ факт бойынша мен жүрмей отырмын. Арна тілшісі өз парақшасында менің жүрген видеомды ғана салып отыр. Емші де өз емделушілеріне менің видеомды көрсетіп, мен  олардың "лицосы" болып отырғандаймын. Өйткені парақшаларында менің сол видеом тұр. Қазіргі шындықты не тілшіге, не арна эфиріне, не емшінің парақшасына шығарта алмай отырмын. Менің жүре алмай отырғанымды салғылары, айтқылары келмейді екен, жарайды. Неге аяққа тұрған видеомды өшіруге қарсы? соны түсіне алмай отырмын. Күніне ондаған адам хабарласып, емшіге сеніп, табынып отыр. Олар соңғы ақшаларына ем алуға дайын. Бірақ ол ем маған қонған жоқ қой? Қалай мен еміне дауа іздеген жұртты алдаймын?",- деді Бақыт Рашидқызы. Бақыт Рашидқызы осы жылдың күзіне отаға дайындалып жатыр екен. Жанына батқаны өзін "аяққа тұрды, қазір жүріп кеткен" деп тарап жатқан  ақпарат. Қазіргі мақсаты көпшілікке өзінің аяққа толық тұрмағанын түсіндіру. Емші мен тілшінің парақшасынан  емнен кейінгі  уақытша аяққа тұрған видеосын өшірту. "Мен жүріп кетсем әрине қуанатын едім. Мені басында қолдаған тілші мен емші өздеріне керегін алып қана қойғандай болып көрініп тұр. Олар менің қайта жүрмей қалғанымды мойындағысы келмейді. Түсінбедім ол кісілерді. Хабарлассам қазіргі соңғы жағдайды хабарлаудан бас тартты. Мұны қалай түсінерімді білмей дал болып отырмын. Мен жарнама үшін пайдаланылған кейіпкер болып қалғандаймын. Емші де журналист те қазір маған жауап бермейді. Тіпті тыңдағысы да келмей отыр. Осының кесірінен жүре алмай қалғаным аздай, психологиям бұзылды. Стрестемін. Күйеуім, балаларым барлығымыз мазасыз күйге түстік. Әрбірден келгенде, басында көмектесеміз деп шапқылаған ақжүрек болып көрінген кісілер неге теріс бұрылды? деп жылап аламын",- дейді келіншек. KYN.KZ тілшісі осы ақпарат келіп түскен кезде Еуразия Бірінші арнасының тілшісі Әсем Изатқызына хабарласты. Ол бұл мәселені өз кейіпкерімен шешетінін айтқан болатын. Арада үш күн уақыт өтті. Бақыт Рашидқызы  түрлі сылтаумен өз талабы орындалмай жатқанын айтты. Ақпарат агенттігі атынан емшінің көмекшілері мен өзіне  ватсап арқылы мәселеге қатысты пікір сұралған смс жіберілді. Қазірге нақты жауап жоқ. Осы мәселеге қатысты заңгер бүкіл материалдарды тексеріп жатыр. Алдағы уақытта Бақыт Рашидқызының атынан оны емдеген дәрігер мен тілшіге қатысты қандай және қайда арыз түсірілгенін хабарлайтын боламыз.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар