Басты жаңалықтар
Қазавиақұтқару қаза тапқандардың отбасына жан-жақты көмек көрсетеді
- автор kyn.kz
- 24 ақпан, 2023
- 362
"Қазавиақұтқару" компаниясы Батыс Қазақстан облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан қызметкерлердің отбасына жан-жақты көмек көрсетеді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді.
"Қазавиақұтқару қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді. Жерлеу рәсімдеріне жұмсалатын барлық шығын Қазавиақұтқару есебінен төленеді", - деді Иманқұлов журналистерге арналған брифингте.
Сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлердің балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етіледі. Барлық қажетті төлемдер ұжымдық келісімшартқа сәйкес төленеді.
Бұл мәселелердің барлығы ТЖ министрінің жеке бақылауында, деді ресми өкіл.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 23 ақпан түсте болды. Батыс Қазақстан облысында "Қазавиақұтқарудың" Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты соғылып қонған. Салдарынан экипаждың төрт мүшесі қаза тапты. Тағы екі адам – Қазавиақұтқару инженері мен "ҚазТрансОйл" АҚ желілік құбыржолшысы ауруханаға түсті. Тергеу басталды.
Сонымен қатар тікұшақ апатынан кейін Қазақстанда Ми-8 типті әуе кемелерін пайдаланатын барлық әуе компаниясы тексеріледі.
дереккөзі:sputnik.kz