Басты жаңалықтар
Ұйғыр ауданында жайылымды қалталы дөкейлер алып алған
- автор kyn.kz
- 24 ақпан, 2023
- 203
Алматы облысы Ұйғыр ауданының тұрғындары жайылым жерлерді ақшасы мен танысы бар қалталы дөкейлер иемденіп алғанына наразы, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
2008 жылы Қытайдан көшіп келген Жұмәлі Қаналқан жер тапшылығынан малын қорада ұстап отыр. Басында бір сүйем жері жоқ тұрғын амалдың жоқтығынан жері бар ағайын-туысқанына жылына бір-екі бас мал беріп, жеріне малын жайып, жаны қалып отыр. Бұған дейін 100 бас сиыр, 700 бас қой жинаған ол сиыр мен қойды бөлек, тықыр жерге жаюға мәжбүр.
«Оңай емес. Базымнан Бахардың астына дейін бағамын. 7-8 шақырым жерге айдап келіп бағып, кешке айдап кетемін. Арықтайды ғой. Шұбырынды болады. Талай жерге келеміз. Таңертең кеткеннен кешке жақын бірақ барамыз үйге. Өлім-жітімі де көп болады, кешке дейін шұбыртып алысқа айдай бергеннен кейін. Тоқты болдырады, кәрі қой өледі», - Жұмәлі Қаналқан.
«Әкімдікке барамыз, олар лесхозға жібереді. Лесхоз тағы бір жерге жібереді. Сонымен ары жүгіреміз, бері жүгіреміз. Бос жер жоқ дейді. Конкурске қатысамыз, одан бәрібір ұта алмаймыз. Шамасы жеткендер алып жатыр ғой, танысы барлар. Біз сияқты қарапайым шаруаны ешкімді танымайды», - дейді Ұйғыр ауданының тұрғыны Шалқар Қаналқан.
Аудандағы 17 мың гектардан аса жер игерілмей жатыр. Әкімдік өкілдері жердің бос жатқаны туралы ақпаратқа қарсы пікір айтпай, жыл біткенше аталған мәселенің шешілетініне уәде берді. Олар жердің жеткілікті болғанын, кейіннен мал басы көбейіп, жетпей бара жатқанын растады. Соған байланысты көктемде 50 мың гектарға жуық жер халыққа берілетінін айтты.