Басты жаңалықтар
Енді әскерден босату немесе кейінге қалдыру туралы анықтама телефон нөміріне келеді
- автор kyn.kz
- 1 наурыз, 2023
- 315
1 наурыздан бастап әскерден босату немесе кейінге қалдыру туралы анықтама 18-27 жастағы азаматтардың телефон нөміріне жолданады. Ұлттық ақпараттық технологиялар қорғаныс министрлігімен бірлесіп проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты.
Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
Министр бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, қорғаныс министрлігінің өкілдерімен осы саланы цифрландыру жоспарын талқылағанын айтты. Сонда әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту мәселесі көп қозғалған.
"Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді. Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Енді осы жылдың 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады", - деп жазды Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша анықтама телефон нөмірлеріне жолданады. Хабарлама тек мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана жіберіледі.
Бүгінгі таңда әскерге шақырылған 300 мыңнан астам жас 1414 нөмірінен ЅМЅ-хабарлама алып үлгерген.