Басты жаңалықтар
Енді жер алу үшін әкімдікке сабылудың қажеті жоқ, электронды түрде сатып алуға болады
- автор kyn.kz
- 10 наурыз, 2023
- 361
Құжаттарды да үйден шықпай рәсімдейсіз
Қазақстанда бұдан былай жер учаскілерін электронды форматта сатып алуға болады. Яғни, сатылымға шығарылған жерлер туралы ақпарат тұрғындардың барлығына ашық, қолжетімді болады. Ол үшін халыққа бос және рәсімделген жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпарат беретін бірыңғай кадастр әзірленді, деп жазды KYN.KZ тілшісі "Информбюроға" сілтеме жасап.
Онда барлық қажетті ақпараттар қолжетімді болады. Яғни, тұрғындар сатып алғалы отырған телімінің қайда орналасқанын, елді-мекеннің бас жоспарын және ол жерге қандай коммуникациялардың тартылғанын да ашық қарай алады. Бұдан бөлек, жерді сатып алу үшін енді әкімдікке барудың қажеті жоқ. Бірыңғай кадастрдың жария картасын пайдаланып, электрондық үкімет порталы арқылы жергілікті атқарушы органға өтініш беруге мүмкіндік болады.
"Мысалы бұған дейін аукциондар жарияланған кезде көптеген шағымдар келіп түседі кәсіпкерлерден. Біз көрген жоқпыз. Оны алдында да аукционды өзара жерді рәсімдеп алды деген сияқты шағымдар түсіп жатады. Бұдан былай барлығына бірдей белгілі болады ақпарат. Мысалы Қазақстанның қай жерінде қандай жер беріліп жатыр. Кез-келген адам жария кадрастрлық картада біле алады",– деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитетінің төраға орынбасары Айнұр Юсупова.