Басты жаңалықтар
Студент қыз: 10 жасымнан жұмыс істеп ата- анама көмектесіп, алғыс емес қарғыс алдым
- автор kyn.kz
- 10 наурыз, 2023
- 726
Бойжеткен анасы ауырғанда ұрлық жасауға мәжбүр болғанын айтты
Студент қыз он жасынан бастап отбасын асырап, соңында ата- анасынан алғыс емес қарғыс алғанын айтып жылады. Сөзінше ішімдікке құмар әкесі мен анасы оның өмір сүруге деген ынтасын өшіріп, жігерін құм қылған. KYN.KZ сайтының Инстаграм парақшасына басындағы оқиғасын жазып, көпшіліктен кеңес сұраған қыздың хатын ұсынады.
"Құрметті оқырмандар мені қатты сөкпеңіздерші, жоқшылықтан барған әрекетіме өкінемін. "Қызды жоқшылық, ұлды тоқшылық" құртады деген рас екен. Ақшадан қиналып біреудің әмиянын қолды қылған едім, кейіннен ол кісі үстімнен арыз жазып сотталып кете жаздадым. Жүрегінде иманы бар адамдар екен, ақыры маған кешірім берді. Бұл қылмысқа анам сырқаттанып ақша керек болған соң барып едім.
Арада міне төрт ай өтті. Ата-анам осы жағдайды бетіме басып күнде жанжал шығарады. Бұл әрекетке солар үшін бардым ғой. Қазір нағыз студенттік шақтың қызығын көріп, ойнап күліп жүретін кезім ғой. Менде бәрі керісінше. Қандай жұмыс кезігеді соны істеп, өлместің күнін көріп жүрмін.
Шаршадым. 10 жасымнан бері жұмыс істеймін. Ата-анамның ішетіні бар. Мен болмасам екеуі де аштан өледі. Оны өздері мойындамайды. Мүлдем ақша таппайды деп айтсам да болады. Сонысына қарамай менімен ұрысады. Әсіресе анамның "барда дәрі ішіп өле сал, жоқ дәрі ішпе мүгедек болып қалсаң саған кім қарайды? Оданда асылып өл", деген сөзі қатты ауыр тиді.
Қазір біраз болды туысқан әпкемнің үйінде тұрып жатырмын. Бұл жақта да, жағдайым мәз емес. Отырсам опақ, тұрсам сопақпын. Тамақ ішсем де, душқа түссем де, отырсамда, тұрсамда "сен тегін тұрып жатырсың", деп бетіме баса береді. Менің күнде үй жинап, баласын қарап отырғаным есептелмейді екен. Басқа баратын жерім жоқ. Тұрақты жұмысқа да орналаса алмай жүрмін.
Мына қиыншылықтың бәрінен қалай құтыламын? Бәлкім тұрмысқа шығып кеткенім дұрыс па? Ақыл кеңестеріңізді беріңіздерші", - дейді есімін атамауды сұраған студент қыз.
Елге сабақ боларлық өмірлік тәжірибеңіз, басыңыздан өткен жағдай болса KYN.KZ сайтына тиесілі мына номердің +7 777 084 09 65 WhatsApp қосымшасына хат жолдаңыз.