Басты жаңалықтар
Ақтөбе облысында Ойыл өзені арнасынан асып, жағасындағы ауыл cуға кетті
- автор kyn.kz
- 17 наурыз, 2023
- 329
Облысқа қарасты бірнеше ауыл апаттың кесірінен тура қазір жарықсыз отыр
Ақтөбе облысында енді Ойыл өзені арнасынан асып, жағасындағы ауылды су басты. Тіпті тасқын Қаратал ауылының іргесіндегі бөгетті бұзып кеткен. Қазір айналасын су басқан ауылдықтар аралдағының күйін кешіп отыр, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бірнеше күн бойы қараталдықтар өзен ернеуін бекітіп жүрген. Бүгін тал түсте арнасынан асқан өзен суы ауылға жайылды. Бірнеше үйдің ауласы мен қора-қопсысы көлкіп жатыр. Қайта қорадағы малды құрғақ жерге шығарып үлгеріпті. Ал тұрғындарды жаппай қауіпсіз жерге көшіруде. Өзен арнасын бұруға ойылдықтардың әлі келмей, көрші аудандардан құтқарушылар шақырып жатыр.
Облыс орталығынан да қосымша күш тартылған. Қазір Берсиев ауыл округімен қатынас үзілген. Онымен қоса тасқынның күшімен орталық газ құбырын үзіп кеткен. Ауыл толығымен көгілдір отыннан ажыратылды.
Тұрғындары көмектің дер кезінде келмегеніне наразы. Ал бұған дейін тасқыннан қатынас үзілген Қобда ауданындағы екі ауыл мен бір қыстақ жарықсыз отыр. Қосөткел ауылында тасқыннан электр бағаналары құлаған. Сымдары үзіліп, оны қашан қалпына келтіретіні белгісіз.
Байтақ ауылының жарықсыз отырғанына үш күннен асты. Ал Қазақбай қыстағында электр сымдарын мамандар қайта жалғап жатыр. Аудан орталығы Қобдада су басқан үйлердің шығыны есептеліп жатыр.