Журналист балалары қылмыс жасаған, депутат болып алып сөзі өзгерген мәжілісмендерді сынады
Журналист Дина Елгезек бүгінде Мәжіліс депутаты болып отырған айтыскер ақын Ринат Зайытовтың өз-өзіне қарсы сөйлеп отырғанын айтты. Сөзінше ол айтыста халыққа майдай жағатын ұсыныстарды айтып абырой жинап алған. Енді депутат болған сәтте бұрындары өзі айтқан ұсыныстарға қарсы шығып, оны тіпті "өртке май құю" деп атаған.
Дина Елгезекті мазалаған тағы бір жағдай :"Өз ұлдарын тәрбиелей алмаған депутаттар". Ол Дәулет Тұрлыханов пен Жигули Дайрабаевқа тікелей айтылған жағдай.
Өйткені, Тұрлыхановтың ұлы қос заңгерді көшеде сабап істі болса, Жигули Дайрабаевтың екі ұлы мемлекет ақшасына қол сұғып, ұрлық жасаған, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі.
"Қазақтың прогрессивті қыз-жігіттерінен қызғанып еді депутаттық орынды, ал, не болды?
Тағайындалған кейбір депутаттардың абыройы елдің алдында айрандай төгіліп жатыр.
Бірінің балалары төбелес қуалап жұртты жарақаттап жатыр, екіншісінің ұлдары мемлекеттен ақша ұрлап сотталып жатыр.
Тағы бір депутаттың “шетелдіктермен тұрмыс құрғандарға салық салу қажет” деген ұсынысы тіптен жүректі айнытты. Қазақстанда бүкіл мәселе шешіліп тастап, күллі қазақ сол проблемаға қарап қалған екен де…
“Петропавлды Қызылжар атау керек” деп айтыстарда атой салып жүретін айтыскер ақын депутат Зайытовтың сөзі де өзгеріп қалыпты:
"Петропавл қаласында онсызда сепаратистік іс-қимылды көріп жатырмыз. Біз қазір отқа май құйып, қала атауын ауыстырамыз десек... бұл заңға қарама-қайшы. Кейін халықтың наразылығы тумайтынына кім кепілдік береді?" - дейді.
Е-е-х… Сонда Ринат қайнымның өзі айтыстарда “отқа май құйып” жүрген болып шықты ғой.
Осы сайлауда қалың бұқара өзінің таңдауы бар саяси сауатты қауым екендігін һәм қоғамдық прогресске дайын екендігін дәлелдеп, Парламентте іргелі ұсыныс айтуға лайық қайраткерлерін сайлау додасына қосып, ұлттың қоғамды басқару үдерісіне әзірлігін паш етіп еді.
Өкінішке қарай, сайлау науқаны Назарбаев кезіндегі ескі сценарий бойынша жүрді: сол назарбаевтық саяси институттар, сол Назарбаевпен рулас-мүдделес идеологтар, сол ескі саяси технология, сол дауыс ұрлау, сол өзара келісіммен жасақталған депутаттық корпус.
Парламент сайлауы - “Жаңа Қазақстанның” 4 жыл бойы ұрандатқан саяси реформасының түкке тұрғысыз екендігін дәлелдеп берді. 9 сәуірде Қазақстан бойынша жарияланып жатқан митингтер соның куәсі… Қарақтарым - ау, елді үміттендіріп нелерің бар еді?",- деді Дина Елгезек.