Басты жаңалықтар
Шымкентте Басқарма басшысы мен Бас дәрігердің заңсыз әрекетін сотта дәлелдеген дәрігер: Қысым көрудемін (видео)
- автор kyn.kz
- 12 сәуір, 2023
- 424
Гүлмира Нұрбекова: Бас дәрігерім Шымкентке іссапармен келген вице-министрмен кездестірмеудің бар амалын жасап, залдан мені қуып шықты
Шымкент қаласындағы №4 қалалық емханасының Бас дәрігері орынбасары Гүлмира Нұрбекова осыған дейін аталмыш мекемеге Бас дәрігерді таңдауда заңсыздық болғанын айтқан болатын. Ол бұл сөздерді жай айтып қоймастан, заңгер жалдап, сотта да дәлелдеп шықты. Осы жылдың 6- шы наурызы күні сот Гүлмира Нұрбекованың арыз-шағымын қанағаттандырған, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі.
Бірақ, Нұрбекова сот үкімінен кейін әділдікке толық қол жеткізе алмай отырғанын айтып, бүгін редакциямыздан көмек сұрап хабарласты. Сөзінше сотта жеңілген тарап шағым түсірген дәрігерге түрлі тараптан, көптеген қысымдар көрсетіп жатыр екен.
Тіпті бүгін өңірге іссапармен барған ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице - министрі Тимур Сламжанұлы Сұлтанғалиевпен кездесуге барған жерінен, Бас дәрігер көмекшілерімен бірге Нұрбекованы залдан қуып шығыпты. Гүлмира Нұрбекова көпшілік алдында вице- министрге өңірдегі заңсыздықтарды, өзіне жасалып жатқан қудалауларды айтпақ болған.
"Тимур Сламжанович қызметтік бабымен біздің өңірге келген екен. Сәйкесінше, медициналық ұйымдарды аралаған. Содан, 14:30- да халықпен жүздесу болатынын естідім. Соған орай медициналық Академияда болып жатқан кездесуге кіріп отырдым. Сол жерге Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен Бас дәрігер Бекбауова Айгүл Жақыпқызы мені конференц залдан былай айтқанда қуып шықты. Яғни ол халықпен жүздесу емес деп қуып салды. Ол жерге өз мәселемді айтуға барған едім. Мендегі жағдайға араласуларын сұрауға барған едім",- дейді Шымкент қаласындағы №4 қалалық емханасы Бас дәрігердің орынбасары Гүлмира Нұрбекова.
Нұрбекова қазір емханада Бас дәрігер лауазымында отырған Айгүл Бекбауованың осы қызметке заңсыз, тамыр - таныстық жолмен келгенін айтқан еді. Осы бойынша сотқа арыз түсіріп, сот Нұрбекованың айтқандарын растап, шағымын қанағаттандырды. Енді Нұрбекова осы жағдай Басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков пен Айгүл Бекбауованың шамына тиіп, өткен күндерде қателік жасады деген сылтаумен өзіне түрлі жалалар жауылып жатқанын айтып өтті.
"Мен көпшілікке айтып өткендей, Бекбауова Бас дәрігер болып келмей тұрған кезде №4 емханада Бас дәрігер міндетін атқарушы қызметінде болдым. Сол 2022 жылдың сәуірі мен желтоқсан аралығында бірнеше кемшіліктер болды деп айыптап, қызметтік хат жолдап отыр менің атыма. Бас дәрігер Бекбауова ол хатты 15 наурыз күні қалалық Басқарма басшысы атына жазады. 16-шы наурыз күні Басқарма басшысының орынбасары мені шақырды. Қасында заңгер мен кадр маманы болды. Хатты сол жерде оқып, таныстырды. Сол жерде дереу жазбаша түсінік беруімді талап етті. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, өз құқығымды айтып, жазбаша дайындап әкелетінімді түсіндірдім. Заң бойынша мен екі жұмыс күні ішінде жауап беруім керек, ол құқығым.
Екі күннен кейін жауабымды бердім. Қызметтік хаттағы айыптауларды таратып, не үшін келіспейтінімді нақтылап жазып бердім. Ол құжатты 20-шы наурыз тапсырдым. Арада үш күн демалыс болды. 24 наурыз күні Басқарма басшысы маған сөгіс беріп, бұйрық шығарады. Бұл бұйрықпенен мені 27 наурыз таныстырды.
Бұл сөгіс жазбаша түсінік беруден бас тартқаным үшін берілді деп түсіндірілген. Алайда мен түсінік бердім, заң аясынан шыққан жоқпын. Түсініктемені бүкіл бұйрықтар мен заңнамаларға сай дәлелдермен толықтырдым, жинақтап отырып тапсырдым. Менің ойымша бұл әрекеттер маған жасалынып жатқан қастандық. Алда Бас дәрігер конкурсына қатыстырмаудың амалдары деп білемін",-дейді жиырма жылдық еңбек өтілі бар дәрігер Гүлмира Нұрбекова.
Сөз соңында дәрігер халықтан, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан оның көмекшілері мен өзі сияқты дәрігерлерден әділдікке қол жеткізу жолында өзіне қолдау білдірулерін сұрады.
"Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерінен өтінемін, Шымкенттегі осы жағдайға бейжай қарамаңыздаршы. Әділдікке жетіп тұрып, аяқтан шалуға ұшырап отырмын. Қарап тұрсам он бір айдан бері осындай психологиялық қысымдамын",-деді дәрігер Нұрбекова.
Нұрбекованың арызымен аудандық сот қазіргі Бас дәрігер А. Бекбауованың қызметке заңсыз келгенін растаған. Бірақ сотта жеңілген тарап, апелляциялық шағым түсірген. Бұл істі енді қалалық сот алдағы уақытта қарайтын болады.
Бұл жағдайға байланысты "КҮН.КЗ" тілшісі Шымкент қаласы бойынша Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпбекке хабарласты. Хатшы өз кезегінде мәселе бойынша ресми хат жазуды сұрады. Сонымен қоса заң аясында он күннің ішінде жауап беретіндерін айтты. Одан бөлек, Басқармадағы баспасөз хатшысы "Бізден жауап алмай тұрып материалды шығарғаныңыз үшін сотқа береміз" деп телефон арқылы дөрекі сөйлеп, "КҮН.КЗ" тілшісін қорқытуға тырысты.
Бірақ, ешқандай сұрақ тыңдамастан телефон тұтқасын тастай салды. Редакция екінші тараптың жауабын жазуға қашанда дайын. Ресми түрде Асылбек Абибұллаұлының атына хат жазылды.
Келесі мақала