Текелі қаласында мектеп оқушыларына жыныстық қатынастың түрлері туралы мағлұмат жазылған брошюралар таратылған. Жетісу облысының білім басқармасы түсініктеме берді, деп жазды «КҮН.КЗ» тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
 Ашулы ата-аналар әлеуметтік желіде балаларға таратылған материалдардың фотосын жариялады. Кітапшада жыныстық қатынастың түрлері туралы толық ақпарат берілген.
 Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметінше, Текелінің №8 мектебінде құқықтық апта аясында 7-9 сынып оқушылары кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының хатшысымен және қалалық аурухананың психологымен кездескен. Мамандар жасөспірімдермен әңгімелесіп, "Буллинг" және "Кибербуллинг" туралы бейнероликтер көрсеткен.
 "Қалалық аурухананың дәрігер-психологы ЖИТС орталығы бекіткен буклеттерді тарату кезінде қателесіп басқа жастағы пациенттерге арналған брошюраларды таратып жіберген", - деп түсіндірді басқармадағылар.
 Осы жәйттен кейін қалалық аурухана әкімшілігі мектеп басшылығымен бірге ата-аналармен кездесіп, олардан кешірім сұрады.
 Қалалық білім бөлімі жіберілген ағаттық үшін мектеп әкімшілігімен түсіндіру жұмысын жүргізеді. Білім басқармасы қызметтік тексеріс бастады.
 Сондай-ақ жуырда мектеп оқушыларымен жұмыс барысында мұндай жағдайларға жол бермеу және жұмыстың белгілі бір форматын әзірлеу мәселесі бойынша "Дөңгелек үстел" ұйымдастырылады.
 Әлеуметтік желідегілер кітапшадағы сұрақтардың 7-10 сынып оқушыларына емес, жезөкшелерге қойылатын сұрақ екенін айтады.
  
  
 

 
 
 
 




