Басты жаңалықтар
"Өзенмұнайгаз" бен "БерАли" компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу басталды
- автор kyn.kz
- 22 сәуір, 2023
- 293
Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерАли Маңғыстау Company" ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі.
"Өзенмұнайгаз" АҚ және "БерАли Маңғыстау Company" ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінді.
"Жаңаөзен қаласы тұрғындарының "ҚазМұнайГаз" АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтініштерінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізуде.
Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Бұдан басқа, "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғалары мен "БерАли Мангистау Company" ЖШС басшылығына қатысты 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдік бойынша тергеу жүргізіліп жатыр",- деп жазылған хабарламада.
"БерАли Маңғыстау Company" ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы шарттар жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған.
Аталған іс-қимылдармен "БерАли Маңғыстау Company" ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтірген.
Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсауға болатын еді. Бұл жағдайлар компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды.
Тергеу барысында аталған фактілер тексеріледі. ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Келесі мақала